Әскери қызметтегі жарасымды жанұя
Халықаралық отбасы күніне орай, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында бірге қызмет етіп жүрген әскери отбасы – майор Нұрлан Нуртазаев пен кіші сержант Ләззат Самуратованың шаңырағы көпшілікке үлгі.
«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде қызмет атқаратын Нұрлан Нуртазаев бүгінде штаб бастығының орынбасары – жұмылдыру қызметінің бастығы лауазымын атқарады. Ол әскери салада 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ал оның жары Ләззат Самуратова – 1 мотоатқыштар батальонының қызмет сержанты, психолог маманы. Ол әскери қызметке дейін мектепте жұмыс істеген. Кейін жолдасының жанынан табылып, әскери өмірдің қыр-сырын бірге бөлісуді жөн көрген.
– Әскери өмір – тек тәртіп пен жауапкершілік емес, ол үлкен төзімділік пен өзара түсіністікті талап етеді. Біз барлық қиындықты бірге еңсеріп келеміз, – деді Ләззат Самуратова.
Нұрлан Нуртазаевтың айтуынша, әскери қызмет отбасының бірлігін одан әрі нығайтқан.
– Үш гарнизонда қызмет атқардық. Әр орта, әр ұжым бізге үлкен тәжірибе сыйлады. Қай жерде жүрсек те, отбасы біздің басты тірегіміз болып қала берді, – дейді офицер.
Төрт бала тәрбиелеп отырған әскери отбасы бүгінде қызмет пен отбасы құндылығын қатар алып жүрген өнегелі жанұялардың бірі. Олардың айтуынша, әскери адам үшін үйдегі қолдау мен түсіністік – қызметтегі табыстың басты кепілі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

