Әскери полиция – әскери тәртіп кепілі

ІІМ ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде республика бойынша қылмыс саны біртіндеп төмендеп келеді. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстың жалпы саны 4,5%-ке азайды. Соның ішінде ауыр қылмыс 14%-ке, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және зорлау фактілері 7%-ке, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық әрекеттер 22%-ке төмендеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғудан қорғауға арналған.

Жалпы, әскери полиция 1997 жылы сәуір айында «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» Президент Жарлығымен құрылған және оның басты міндеті — әскери ортада құқық қорғауды қамтамасыз ету мен әскери қылмыстық құық бұзушылықтардың бетін ашу, алдын алу.

ХХІ ғасырдың табысты қоғамы — құқықтық сауатты қоғам, сол себепті әскери полиция органдарының міндеті әлеуметтік жаңғыртудың маңызды мәселелерінің бірі ретінде әскери қызметшілерді құқықтық мәдениеттілікке тәрбиелеуден басталады. Сол себепті әскери қызметшілердің құқықтық мәдениет деңгейін және сауаттылығы мен дәрежесін көтеру — қазіргі кездегі өзекті мәселе. Сондықтан әскери қызметшілерді, яғни адам факторы, кәсіби дайындығы, білімі мен тәрбие сапасы, отаншылдық және рухани қасиеттері назардан тыс қалмайтындай басты жұмыс бағдары болуы керек екені аян, сол себепті осы бағыт-бағдар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери полициясының алдында бірінші орынға қойылған

Әскери тәртіп пен құқық тәртібі әскерлердің жауынгерлік даярлығының негізі болып саналады. Бүгінде әскерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін әскери полицияның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Әскери полиция құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, қаладағы патрульдік қызмет, жаттығу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысты ашу және оның жолын кесу, оның ішінде жемқорлыққа қарсы күресу, әскери қызметшілерді іздестіру сияқты маңызды міндеттермен қоса басқа көптеген функция атқаруда.

Мысалы, 2021 жылда құқық бұзушылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруға басымдық берілді. Осыған байланысты біраз шара атқарылды. Атап айтқанда, қалаларда 58 модульді стационарлық полиция бекеті пайдалануға берілді. Жаяу патрульдердің саны артты. Сондай-ақ полицияны шұғыл шақыру үшін 81 «дабыл түймесі» орнатылды. Осының бәрі қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсер етті. Ал «102» мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін, полицияға әлеуметтік желілер арқылы жүгінуге мүмкіндік туды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік инспектордың мәртебесі көтеріліп отыр. Оларға тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктер беріледі. Ауылдық жерлерде қызметтік тұрғын үймен жапсарлас учаскелік пункттер салынып жатыр. Учаскелік қызметтер штаты ұлғайтылады. Бүгінде полицейлерді қолдау шаралары қабылданды. Алдағы уақытта жаңа форматтағы полицияны қалыптастыру жұмысы жалғаса береді.

Мақсат Талғатұлы АЛШЫНБАЕВ,

5451 әскери бөлім әскери полиция бөлімшесінің аға анықтаушысы,

аға лейтенант