Әскери кинология: қызмет, жауапкершілік, сенім
Әскердегі қызмет тек темірдей тәртіп қана емес. Кейде ол – шынайы достық, адалдық пен иық тіресе атқарылатын жұмысқа негізделеді. Бұл – Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының кинологы, қатардағы Тұрар Әубәкіровтің күнделікті қызметін сипаттайтын бейне.
Тұрардың қызметіндегі сенімді серіктері – төрт аяқты жануарлар. Ол 2018 жылдан бері Қарулы күштер қатарында қызмет атқарып келеді. Өз ісінің шебері болу үшін Алматыдағы Қаржылық мониторинг агенттігінің кинология орталығында білім алған. Қазіргі таңда оның қарауында бес қызметтік ит бар. Олардың әрқайсысы – жай ғана ит емес, нағыз жауынгерлік әріптес.
– Ит – бұл жай ғана жануар емес. Олар – біздің әріптестеріміз, достарымыз әрі көмекшілеріміз. Олар адамның жай-күйін сезеді, қашан абай болу керек екенін біледі. Ең бастысы – олар үнемі қиын кезеңде қасында, – деді Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының кинологы Тұрар Әубәкіров.
Оның төрт аяқты серіктері арасында есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауға, патрульдеуге және тәртіп бұзушыларды ұстауға үйретілген иттер бар. Бірақ олардың ішінен – Тайфун есімді бельгиялық овчарка ерекшеленеді.
– Тайфун екеуміз ажырамаймыз десе де болады. Жасы үште, жас болса да, өз жұмысын тамаша атқарады. Біз әскери бөлімшелерге жиі барып, тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексереміз. Тайфун жылдам, дәл жұмыс істейді, бұл оған расымен ұнайды, – дейді кинолог.
Кинологтың жұмысы – жай ғана итпен жұмыс істеу емес. Бұл – күнделікті жаттығу, өзара түсіністік пен сенім. Біреу итті жай ғана жануар ретінде көрсе, Тұрар үшін ол – нағыз жауынгер досы, жүрегінің бір бөлшегі. Сәуірдің 22-сінде Қазақстан Республикасының әскери полиция органдарының құрылғанына 28 жыл толады. Бұл күні Тұрар өз мамандығын ерекше ерекше жақсы көреді.
– Барлық әріптесімді осы айтулы күнмен құттықтағым келеді. Біз маңызды қызмет атқарып жүрміз. Қауіпсіздік, тәртіп, ертеңге деген сенім – бұл біздің жұмысымыз. Әрбір әскери қызметкер жанында сенімді команда тұрғанын, ал қарамағында ешқашан сатпайтын, адал ит серігі бар екенін білсін, – деді Тұрар Әубәкіров.
ЖұпарАМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»