Әскери бөлімде әр ұлттан сарбаз бар

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» демекші, бүгінгі таңда Қарағанды қаласындағы қоғамдық тыныштықты қамтуда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қалтқысыз қызмет етуде. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5451 әскери бөлімі күндіз-түні қыстың аязына, жаздың ыстығына қарамастан қызметін жоғары деңгейде орындап келеді.

№5451 әскери бөлімінде еліміздің 15 өңірінен және оннан астам ұлт өкілі бір ананың баласындай тату жүріп, бір қатарда сапта тұрып қызмет етеді. Қазақтар, орыстар, украиндер, татарлар мен ұйғырлар, немістер және басқа ұлт өкілдері үшін құқықтық тәртіпті сақтауда міндет біреу ғана. Мүдде ортақ екенін жақсы түсінеді.

Жас жауынгерлер құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қала тұрғындары мен қонақтарын құқыққа қарсы және өзге де жеке басқа қол сұғушылықтардан қорғай отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында барынша еңбек етіп келеді.

Әскери қызметшілер арасында қатардағы сарбаз Муртазалимов Израил және Юсупов Сухрат ерекше қызығушылық тудырды. Олар — Алматы облысының тумасы, ұлттары — шешен мен ұйғыр, бір ротада бірге қызмет етеді.

— Біз Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететінімізді мақтан тұтамыз. Отан қорғауды азаматтық парыз деп білеміз әрі мүлтіксіз орындаймыз. Өйткені біздің Отанымыз бір. Біз ортақ үйімізде басымызға бұйырған бақты, яғни басты құндылық — бейбіт өмірді бағалауымыз керек. Құқықтық тәртіп әскері қатарында біз заңдылық пен тұрақтылық сақтау жөніндегі міндеттерді орындаймыз. Мұнда біз біртұтас жауынгерлік отбасымыз! Біздің ортақ үйімізді қорғау — бізге ел тапсырған міндет, — дейді жүректі жауынгерлер.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының №5451 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қылмысқа қарсы шабуылдау операциясы үшін, құқықтық тәртіпті нығайту және қалада қауіпсіздікті сақтау үшін барлық қажетті жағдай мен мүмкіндікке ие. Мемлекет құрылған сәттен бастап әскери қызметшілер Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді.

Марат ТАУБАЕВ,

әскери бөлім қызметкері