Әскердегі егіздер

Бір күнде дүниеге келген егіздер ел алдындағы әскери борышын да бірге өтеп жүр. Сарбаз сапына кейіннен қосылған Асан мен Үсен қазір Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде жауынгерлік қызметтің қыр-сырын бірге меңгеруде. Айтуларынша әскери өнер ер жігітті темірдей тәртіпке үйретіп, бойларын ғана емес ойларын да шыңдайды екен.

Егіздердің әскерге бірге бару шешіміне бастапқыда ата-анасы түбегейлі қарсы болып, райынан қайтармақ болған. Әйтсе де, ұлдарының бойындағы қайсарлық пен бірбіріне деген бауырмалдықты көрген соң батасын беріп, жолға шығарып салған.

— Қаралы қаңтардан кейін әскерге баруды жөн санадық. Басында ата-анамыздың қарсы болғаны рас. Бірақ әкеміз бен ағамыз таңдауымызды қолдап, баталарын берді. Отан алдындағы борыштарыңды өтеп келіңдер деді. Анамыздың бойында қорқыныш болғанымен, кейін ол кісі де рұқсат етті. Мақсатымыз өз Отанымызды қорғау және азаматтық борышымызды атқару, үлкен абыроймен үйге қайтып, ата-анамыздың, елдің мақтанышы болу, — дейді Асан мен Үсен.

Бүгінде егіздер жақындарына жиі қоңырау шалып, хабар алмасып отыруды әдетке айналдырған. Жетекшілері арасында бейнеқоңырау шалуға да мүмкіндік беретін көрінеді.

— Хабарласқанда атаанамыз қуанып қалады. Кейде көзіне жас та алады. Енді аман-есен оралыңдар деп, тілектерін білдіріп жатады. Жақсы қызмет атқарыңдар, үлкендерді тыңдаңдар дейді. Командирлер мен сержанттарға рақмет. Үйдегілерге қоңырау шалып, аптасына бейнеқоңырау шалуға мүмкіндік береді. Суреттерімізді де жіберіп отырады. Нәтижесінде, үйдегілердің де көңілдері жайлы болады. Жағдайымыз жақсы. Мұнда үш мезгіл тамақтанамыз. Арасында демалыстар да бар, — дейді жас сарбаздар.

2004 жылы дүниеге келген қос жігіттің әскерден кейін ауылға аман-есен оралып, оқуды жалғастырсақ деген мақсаттары бар. Екі жігіт те келешекте дене-шынықтыру мұғалімі болуды армандап жүр. Әрі тағдыр егіз қыздарға жолықтырса деп тілейді екен.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»