Шығармашылық байқау ұйымдастырылды

Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлт ұстазы» қалалық шығармашылық байқауы өтті.

 

Ұйымдастырушылар осы арқылы қазақ тіл білімінің негізін салушы, мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының тілді түрлеген ғалымдығын, қысқа ғұмырын халқына арнаған дарабоз дарын иесі екенін сезіне білуге, оның шығармаларын сүйсініп оқуға тәрбиелеу және жас ұрпақ арасында Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасын насихаттауды мақсат еткен. Байқаудың ашылу салтанатында Қалалық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Қадыр құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау үш номинация бойынша, атап айтқанда, «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» (А.Байтұрсынұлының тіл тазалығына қойған талаптарының бүгінгі күндегі өзектілігін ТЕDx форматында қорғау), «Ғұлама ғалым ғибраты» (А.Байтұрсынұлы шығармалары негізінде сахналық қойылым көрсету), «Жас Ахмет» (А.Байтұрсынұлы ізімен мысал әңгіме жазу) ұйымдастырылды. Байқауға қаланың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысты. Шығармашылық байқаудың әділқазылар алқасының құрамында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қауымдастырылған профессоры, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы, ББҰ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері болды. Әділқазылардың шешімімен әр бағыт бойынша жеңімпаздар анықталды.

Мектептің «Шамшырақ» театрының мүшелері А.Байтұрсынұлы өмір жолының бір қырын көрсеткен қойылым көрсетсе, «Бүркіт» тобы әншілерінің орындауындағы әндер де көрермен көңілінен шығып, жақсы әсер қалдырды.