Шинаның жаңа түрі шығарылады

Сарандағы шина зауытының әлеуеті зор. Бұл – автомобиль шиналарын шығаратын елдегі алғашқы зауыт. Бұрын резеңке өнімдері толығымен импортталатын. Кәсіпорын құрылысы 2021 жылдың сәуірінде басталды. Бірлескен жобаның екінші кезеңінде резеңке-техникалық бұйымдар өндірісін бастау жоспарлануда. Үшінші кезеңінде ауылшаруашылығы техникасына арналған шиналар шығару көзделген.

Өндірісте қолданылатын технологиялар мен жабдықтар автоматтандырудың жоғары деңгейімен, энергия тиімділігімен және қоршаған ортаға минималды әсерімен ерекшеленеді. Өзінің сипаттамалары мен өнім сапасы бойынша KamaTyresKz үздік әлемдік брендтерге сәйкес келеді. Өндірістік циклде 126 бірлік негізгі технологиялық және 528 жетекші әлемдік өндірушілердің қосалқы жабдықтары жұмыс істейді. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 171 млрд теңге. Зауыт диаметрі 15-тен 22 дюймге дейінгі 3 млн жеңіл және 500 мың жүк көліктері шиналарын шығара алады. Зауыт 1,1 мыңнан астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Мұнымен бірге іргелес өндірістердің шоғырлануына мүмкіндік береді. Өнімдер Қазақстанда автомобиль құрастыруға пайдаланылады, сондай-ақ экспортқа жіберіледі.

Total Research стратегиялық зерттеулер департаментінің маманы Ярослав Островский «Татнефть» ЖАО 2026 жылға қарай Атырау облысында бутадиенді каучук өндірісін құра отырып, шина кешені үшін шикізат өндірісін жасақтауды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Еске салайық, 2021 жылдың қараша айында «Татнефть» және «ҚазМұнайГаз» бірлесе «Бутадиен» ЖШС кәсіпорнын құрған. 2026 жылы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында қуаттылығы жылына 180 мың тоннаға дейін бутадиен және бутадиен каучуктары бар өндірістерді іске қосуды жоспарлады.

– Сыртқы нарықтарға шығу арқылы KamaTyresKZ шиналар нарығындағы жаңа мықты ойыншыға айналуда. Сарандағы іргелі өндіріс ошағының құрылысы Қарағанды облысының ғана емес, жалпы Қазақстанның экономикасына мультипликативті әсер етеді. Кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын ашады. Жаңа өндіріс нысаны өңірдегі ең ірі зауыттардың біріне айналады. Оның өнімдері жоғары экспорттық әлеуетке ие болады. Түпкі нәтиже кешен бөлімшелерінің құрылыс қарқынымен және қуатымен ғана емес, сонымен қатар жабдық жеткізу қарқынымен де анықталады. Мәселен, өте ұзақ уақытты талап ететін өндірістік үдерістер бар. Кез келген станокты іске қосу, бақылау, керекті концентрат ала білу аса маңызды. Осы арқылы Қазақстанда B+ сапалы шиналардың жаңа түрін шығарудың көкжиегі алыс емес. Жаңа жабдық қолымызға тиген соң, демек, жоғары сапалы өнім де елге пайдасын тигізеді, – дейді цех қызметкері Ақылбек Имамағзам.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ