Шетелдік көлікті заңдастыру шеңбері ұлғайды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру мәселесі бойынша брифинг өтті. Аталған баспасөз мәслихатына Қарағанды облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов және Қарағанды облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев қатысты. Спикерлер шетелдік автокөліктерді заңдастырудың ерекшеліктеріне тоқталып, мұндай көліктердің құжаттық ресімдеу жұмыстары облыс бойынша қайда жүргізілетінін түсіндірді.

Үкімет ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды кеңейтілген міндеттемелерден босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Осылайша шетел автокөліктерін біржолғы заңдастыру жөнінде заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Заңдастыру үдерісі 23 қаңтарда басталып, шілде айына дейін жүргізіледі. Оған іздеуде жүрген, кедендік тазартудан өтпеген және 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автомобильдер жатпайды. Ал тіркелуге жататын автокөліктерге келсек, олардың шыққан жылына және экологиялық класы бойынша талаптар қойылмайды. Рулі оң жақта орналасқан көліктер де заңдастырылуға жатады.

Мұндай ресімдеу уақытының шілде айына дейінгі мерзімді қамтуы да тегін емес екенін айтады Қарағанды облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев. Егер қандай да бір көліктің тіркелу түп төркіні шетелде болса, қазіргі қожайыны көлікті сол есептен шығару үшін машинаның бірінші иесін тауып, сол арқылы техниканы таза етуге біршама уақыт керек. Өйткені, осыған дейінгі жағдайлар көрсеткендей, шекара сыртынан келген көліктерді алуда біздің азаматтар оның бағасына баса мән бергенімен, ресми ресімдеу құжаттарының заңдылығына келгенде салғырттық танытып жатады. Мысалы, қазақстандық сатып алушы шетелдік көлікті сатушыдан сенімхат арқылы алады да, сату-сатып алу ресімі ескерілмей қалады. Ал көлік сатып қарық болған көрші ел азаматы өзінде жоқ көлікке салық төлемеу үшін транспортты бірден тіркеуден шығарып тастайды. Осыдан кейін мұндай көліктер бізде жол ережесін бұзғанда, нақты айыпты азаматты табудың қиынға түсіп жататыны жасырын емес. Ал қайсыбір автокөліктерде тіпті сақтандыру полисі де болмай шығады. Сондықтан көлік тарихының тазалығына аса мән берген жөн. Бұл орайда таңбалық вин-кодтың айтар мәліметі мол болмақ.

Жалпы, шетелден келген темір тұлпарын заңдастыру үшін автокөлік иесі 4 құжат ұсынуы керек, олар: өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құжаты және (немесе) көлікті тіркеу туралы куәлік, көлікке меншік құқығын растайтын құжат.

Сонымен қатар іздестіру базалары арқылы құжаттар мен көлікті тексергеннен кейін автомобиль арнайы ХҚКО жанынан тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін алғашқы алым, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сондай-ақ қажет болған жағдайда кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін, автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Тіркеу үшін бастапқы төлем 200 мың теңгені құрайды. Ал техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін 13 171 теңге төлеу қажет.

Заңдастыруға өтінішті Электронды үкімет порталы немесе арнайы ХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Мамандандырылған ХҚКО-ларда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автомобильдерді заңдастыруға құжат қабылдайды. Сондай-ақ Әкімшілік полиция қызметкері қатысып, жария етуден өту тәртібін және қажет болған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері кедендік төлем тәртібін түсіндіреді. Ал заңдастырудан өтпеген көліктер елден шығарылуы тиіс немесе оларды бөлшектеп сату керек. Көлік заңдастыруда кездескен жекелей келеңсіздіктер болса, Қарағанды қаласындағы Прогресс көшесінің 1-ғимаратында орналасқан Әкімшілік полиция қызметіне жүгінуге болады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»