Шенеунік алаяқ болып шықты

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары қазынаға 4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді. Жасаған қылмысының өтеуі – осы. Ол өз айыбын мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген. Толығырақ тарқатсақ…

Айыпты азамат Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып тұрған шақта абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігерді кездесуге шақырып, одан 400 мың теңге беруін сұраған. Кездесу барысында ол мердігерге ақшаны прокуратура өкілдерінің сұрап отырғанын, оларға қаржылай көмек көрсету қажет екенін айтады. Әрине, бұл ақша қарызға емес, қайтарымсыз негізде берілуі тиіс болған-ды. Мердігер болса шенеуніктің айтқанымен келісіп, оған берілуі тиіс қаражатты табады. Бірақ мән-жайды жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдеріне хабарлайды. Осыдан соң күдіктіні бұлтартпас дәлелдермен ұстау шаралары қабылданған.

Айтылған сомадағы қаражатты кәсіпкерден әкім орынбасары емес, бөлім басшысы Майқұдықтағы Мәдениет үйінің автокөлік тұрағында алып, әкімдік ғимаратына әкеледі. Аудан әкімінің орынбасары болса тек 50 мың теңгені ғана алып, өзгесін жасырып қоюды, сұраған кезде ғана беруді тапсырған. Кейін тағы 50 мың теңгені алып, қалған 300 мың теңгені жасырып қою керегін айтады. Осы кезде антикор қызметкерлері оны тұтқындап, тергеу амалдары басталады. Тергеу барысында прокуратура қызметкерлерінің шенеуніктен ешқандай ақша сұрамағаны анықталды. Сөйтіп, ол осы әрекеті арқылы алаяқтық жасаған болып танылды.

Әлихан Бөкейхан аудандық сотының судьясы Дулат Бурабаев экс-шенеунікті ҚР ҚК 190-бабы бойынша айыпты деп таныды. «Сотталушы ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағы 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылды. Оған төрт миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындалды», – делінген Әлихан Бөкейхан аудандық сотының хабарламасында.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»