Шахтерлер – Қарағандының жүрегі

Қарағанды облысы Қазақстанның экономикалық һәм саяси тірегі саналса, сол Қарағандының жүрегі – шахтерлер. Арқадағы алып шаһарды кеншілерсіз елестету мүмкін емес. Тарихы көмір өндірісімен тығыз байланысты қаламызда шахтерлер құрметіне қойылған ескерткіштер де көп.

Аппақ Байжанов ескерткіші

Иә, Аппақ Байжанов – Қарағанды жұртшылығы үшін таныс есім. Қала тарихының ұзын-сонар қатпарында Аппақтың сіңірген еңбегі зор. Ол тапқан жанатын тас арқасында Арқаның сайын даласында қала салынды, шахта өңдірісі қолға алынды. Ал, қойшы бала Аппақ есімі көркем шығармаларға арқау болып, барша республика жұртшылығына танылды. Қазақ əдебиетінің классигі, академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы – Аппақтың шынайы көркем бейнесін танытқан туынды.

Аппақ Байжановтың есімі көркем шығармалар мен зерттеулерде ғана емес, суретшілер мен мүсіншілер қиялынан да туындады. Қойшы баланың суреті қағазға салынып, шежірелі фотосуретке айналса, мүсіні жасалып, үлкен ескерткішке айналды. Соның ішінде Қарағанды қаласында 1999 жылы Апақ Байжановтың құрметіне ашылған ескерткішті де айтуға болады. Бұл дегеніміз – ұлы бабамыздың есімін тарихымызға алтын әріппен жаздырып, есімін ұлт тарихында асқақтатқанымыз.

Ескерткіш бетоннан дайындалған, биіктігі – 3 метр. Авторы – Ю. Гуммель. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанында орналасқан.

«Шахтер даңқы» монументі

 Кеншілердің ғана емес күллі қарағандылықтардың мақтанышы саналатын, бүгінде Қарағанды қаласының символына айналған нысан. Ескерткіш 1974 жылы  көмір алабында 2 миллион тонна өнім шығарылған шақта орнатылған. Мүсіннің салмағы – 20 тонна. Оны дайындау үшін үлгілерді және құйма кезіндегі шығындарды есепке алғанда 30 тонна қола жұмсалған.

Монумент Орталық саябақтың кіреберісінің алдындағы алаңда, Кеншілердің Мәдениет Үйіне қарсы болып орнатылған. Орналасқан жері кездейсоқ таңдалмаған. 1969 жылы болашақ монументтің үздік жобасы бойынша бүкілодақтық байқау жарияланды. Оған 11 жоба ұсынылған. Комиссия мүшелерінің таңдауы мүсінші А. Билык пен сәулетші А. Малков ұсынған жобаға түсті.

Қазақ және орыс шахтерлерінің көмір кесегін биікке көтеріп тұрған бейнесі еңбек қарқынын суреттеуде шебер композициялык шешімін тапқан.

«Шахтердің даңқы» мүсіндік мемориалы – шахтерлар, металлургтер, Қарағанды, Теміртаудың құрылысшыларының еңбексүйгіштігі мен қаһармандық еңбегіне құрметпен қарауға арналған гимн.

 

Қаза болған шахтерлер құрметіне қойылған ескерткіш

Шахтерлер үнемі қауіп-қатерде жүріп жұмыс істейді. Қауіпсіздік талаптарын қанша қатаң сақтағанымен де, оқыс оқиғалардың орын алуы жиі кездесетін құбылыс. Қарағанды көмір алабын игеру барысында да бірқатар қайғылы апаттар орын алған болатын. Көптеген шахтерлер жұмыс барысында қаза болды. Сол азаматтардың құрметіне 2006 жылдың 25 тамызында Орталық саябақта ескерткіш ашылды.

Ескерткіш жарылыс салдарынан құлаған шахталық терриконниктен, металл конструкциялардан тұрады. Сырты қызыл-қоңыр гранитпен қапталған. Монумент стеласында көмір астында қалған шахтердің бейнесы сомдалған. Шахтер каскасының жанында бір жағы қоладан құйылған, қолында сәбиі бар әйел бейнеленген. Бұл жақынын, екінші жартысын жоғалтқан жанның қайғысын көрсетеді. Ал, сәбидің жүзін каска көмкеріп тұр. Мүсінші осы арқылы ұрпақтар сабақтастығын, әке жолын ұл жалғайтынын көрсеткен.