Шахназар САЛИН, Қарағанды қаласы Полиция басқармасының басшысы: «Тәртіп сақшысы – халық қорғаны»

«Qaragandy habary» газетінің сұхбат айдарының кезекті қонағы – Қарағанды қаласы Полиция басқармасының басшысы Шахназар Әбдәшімұлы Салин. Сұхбат барысында кейіпкеріміз тәртіп сақшыларының қиындығы мен қызығы қатар жүрер күрделі жұмысының барысы туралы баяндап берді. Сондай-ақ «цифрлы полиция», есірткі және сыбайлас жемқорлықпен күрес тәрізді өзекті мәселелер қозғалып, нақты деректер мен фактілерден дәйектер келтірілді.

Шахназар Әбдәшімұлы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, яғни қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы Қарағанды өңірі тәртіп сақшыларының қызметіне тоқталып өтсеңіз.

– Қарағанды қаласының Полиция басқармасы және аумақтық полиция бөліністерінің жеке құрамы ел азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірқатар жұмыс атқаруда. Атап айтсақ, патрульдық полиция полкінің қызметкерлері екі ауысымдық жұмыс кестесімен қоғамдық орындар мен көшедегі тәртіпті қамтамасыз етуде.

Биылғы жылдың 10 айында Қарағанды қаласының ПБ тарапынан көшелердегі, қоғамдық орындардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде құқықбұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз ету мен қылмыстарды ашу үшін жоспарлы жұмыстар жасалды. 2022 жылдың 10 айында Қарағанды қаласы бойынша қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс 19,1%-ға (1 944-тен 1 565-ке дейін), сонымен қатар көшелерде жасалатын қылмыс 16,9%-ға (663-тен 551-ге дейін) төмендеді.

Жұмыс нәтижелі пайыздық көрсеткішпен бағаланады, атқарылып жатқан жұмыстарға нақты дәйектермен мысал келтірсеңіз…

– 2022 жылдың 10 айында Қарағанды қаласы Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімі қызметкерлері 718 млн 242 мың 521 теңге көлемінде айыппұл салу туралы 53 239 қаулы шығарды. Оның ішінде 718 млн 242 мың 521 теңге өндірілді. Өндіру коэффициенті 69,84%. Сондай-ақ 35 357 адамға құқықбұзушылық туралы ескерту берілді.

Жыл басынан бері жеке сот орындаушылары палатасына 103 млн 370 мың теңге көлемінде 9 903 әкімшілік іс жолданды, оның ішінде 31 млн 727 мың 593 теңге көлемінде 2 769 іс өндірілді. Құқық бұзушылардың жұмыс орнына 65 млн 961 мың 779 теңге көлемінде айыппұл салу туралы 5 113 қаулы жіберілді, оның ішінде 38 млн 256 мың 830 теңге көлемінде 2 920 іс өндірілді.

2022 жылдың басынан ӘПБ әкімшілік тәжірибе тобының қызметкерлері Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына 4 984 әкімшілік іс жіберді, 464 құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан айырылды, 4 403 құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды, 581 адам әкімшілік қамауға алынды.

Бүгінгі таңда жол ережесіне қатысты мәселелер жиі көтеріліп жүр. Әрі жол-көлік оқиғалары да жиілеп кеткен тәрізді. Сөз орайы келгенде қаламыздағы көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселесіне де тоқтала кетсеңіз.

– Биылғы жылдың 10 айында Жол-техникалық инспекциясы тобы тарапынан көше-жол бойында Қарағанды қаласының жол қозғалысы ұйымдарының техникалық құралдары мен жол-көше желісін қанағаттанарлықсыз ұстау актісі бойынша 390 ұйғарым берілді. Сондай-ақ Қарағанды қаласының ПБ Әкімшілік полиция бөлімі қызметкерлері патрульдық полиция полкі қызметкерлерімен бірге ҚР Жол жүру ережесін бұзғаны үшін 271 әкімшілік хаттама толтырды. Жол қауіпсіздігі әр кезде басты назарда тұрғанын атап өткен жөн. Жыл басынан бері Қарағанды қаласы аумағында 100 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 92 адам жарақат алған. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы саны 25,5%-ға (136-дан 100-ге дейін), жараланғандар саны 28,7%-ға (129-дан 92-ге дейін) төмендеген және қаза тапқандардың саны 32,0% (25-тен 32-ге дейін) жоғарылауын байқауға болады.

Полиция тарапынан жол қауіпсіздігін жақсартуда профилактикалық жұмыстар әрқашан кешенді түрде жүргізіледі. Оның ішінде білім беру ұйымдары, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автопарк өкілдерімен де кездесу өткізіледі.

Шахназар мырза, қазір интернеталаяқтықтың түр-түрі пайда болып, заңбұзушылықтың саны күн санап артуда. Өңірімізде бұл мәселе қалай шешілуде?

– Қазіргі таңда қоғамда интернет-алаяқтық қылмыстары кеңінен қарқын алуда. 2022 жылдың 10 айында Қарағанды қаласы бойынша барлығы 1 523 алаяқтық тіркелді. Ал өткен жылдың осыған ұқсас мерзімінде 1 443 алаяқтық тіркелген, өсім 5,5%-ды құрайды. Олардың ішінде 374-і ауыр санаттағы алаяқтық ретінде тіркелген.

Осы бағытта біз қаладағы барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органмен (банк, ломбард және т.б.) тығыз байланыс орнатып, алдын алу шараларын өткіземіз.

Сондай-ақ жыл басынан бері ұялы телефон ұрлаудың 640 фактісі тіркелген. Ал былтыр бұл уақытта 824 іс тіркелген болатын. Яғни ұрлық көрсеткіші 22,3%-ға төмендеген. Сонымен қатар пәтер ұрлығының 248 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,3%-ға көп.

Полицияның уақыт талабына сай жарақтандырылуы маңызды. Тәртіп сақшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайы қандай деңгейде?

– Қазіргі тәртіп сақшыларының уақыт талабына сай жарақтандырылуы жоғарғы деңгейде деуге болады. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласының Учаскелік полиция инспекторлары толығымен жаңа нысандағы киім үлгісімен қамтылған. Қалған қызметкерлер де кезең-кезеңімен қамтамасыз етілетін болады.

– Заманымыздың дерті – есірткі және нашақорлықпен күрес қазіргі күні қаншалықты нәтижелі?

– Жыл басынан бірінші қарашаға дейін Қарағанды қаласында есірткі және психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты 48 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан барлығы 332 келі 892 грамм түрлі есірткі зат алынды.

Қарағанды қаласының ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі есірткінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Осыған орай Қарағанды қаласында орналасқан жоғары және жалпы білім беру мекемелерінде 100-ден аса іс-шара жүргізілді.

2022 жылдың 10 айында Қарағанды қаласының ПБ және Аумақтық полиция бөлімдері Қарағанды қаласының әкімдігі жанындағы Жастар ресурсы ұйымымен бірлесе отырып, есірткі сайттарын жарнамалайтын 300-ге жуық граффити суретін жойды.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі қалай шешілуде?

– Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу мәселесі бірінші орында деуге болады. Жемқорлықтың жолын кесу және алдын алу жөнінде қызметкерлер арасында ұдайы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл – біздің басты қағидаларымыздың бірі.

– XXI ғасырда «цифрлы полиция» ұғымы пайда болды. Мұны қалай түсінеміз?

– XXI ғасырда «цифрлы полиция» ұғымы іс жүзінде қарқынды дамып келеді. Бұл тұрғыда біздің Полиция басқармасының Жедел басқару орталығын айта кетуге болады.

Цифрландырудың негізгі мақсаты – жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қалалық ортада цифрландыру ең алдымен үздіксіз бейне түсіруді талап етеді. Көшелер мен ғимараттарды бейнебақылау камераларымен жабдықтау көп жыл бойы жалғасып келеді. 2022 жылы облысымызда «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы іске асырылуда.

Сондай-ақ интеграцияланған бейнетіркеу жүйесі деректерді өңдеу жүйесі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала тіршілігін талдау бойынша операциялардың көп бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қарағанды қиылыстарында нақты уақыт режимінде ЖҚЕ бұзушылықтарды 10 аппараттық-бағдарламалық кешен тіркейді. Облыс орталығында кез келген азамат пайдалана алатын шұғыл байланыс терминалдары бар. Барлық полиция қызметкерінде планшет бар. Жабдықтарды қосымша сатып алу жоспарлануда.

– Ал арнайы цифрлы бағдарламалар мен өтініш немесе шағым қалдыратын сайттар бар ма?

– Өткен жылы «Рolice 102» мобильді қосымшасы пайда болды. Кез келген адам оны телефонына AppStore, Play Market қосымшалары арқылы тегін жүктей алады. Бұдан басқа Telegram, VKontakte чат-боттары және ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсында орналастырылған виджет арқылы мәтіндік консультациялар көрсетіледі.

Жүйе арқылы кез келген азамат қандай да бір қылмыстың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда ұялы телефон арқылы хабарласуына болады. Біздің қызметкерлер қоңырау соққан адамның қай жерде тұрғанын анықтай алады, кейін оқиға орнына кезекші жасақ жіберіледі.

2022 жылдың 10 айында Қарағанды қаласы ПБ ЖБО-ның «102» телефонына 380 044 қоңырау түсті. 1 002 хабарлама «Омниканалдылық» жобасы бойынша тіркелді, оның ішінде бейнеқоңырау арқылы 344 өтініш, аудиохабарлама арқылы 7 өтініш, мәтін бойынша 651 өтініш тіркелді. Көбі – жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы хабарлама (990 рет тіркелген).

Қарағанды қаласы ПБ ООО басшылығы «102» операторларының қылмыстар мен оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдау жөніндегі жұмысына тәулігіне қабылданған хабарламалар саны бойынша «102» операторларының электронды есебін ұсыну жолымен тұрақты негізде талдау жүргізеді.

– Қала бойынша жалпы қанша бейнебақылау камерасы бар?

– Жалпы, 4 588 бейнебақылау камерасы бар. Оның 312 камерасы ІІМ-ге тиесілі болса, қалғандарының иесі – «Қазақтелеком» АҚ.

Қала бойынша 47 жылжымалы күмбезді камера, 1 073 стационарлық камера, қиылыстарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін 10 кешен орнатылған.

Бейнебақылау жүйесінің көмегімен 193 қылмыс анықталды. Ағымдағы жылдың он айында 15 509 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, оның ішінде 14 081-і жол қозғалысы ережесіне қатысты.

Жедел басқару орталығы – ерекше қорғалатын орын. Қызметкерлер электронды рұқсаттамалар мен парольдар арқылы жетеді.

Төменгі қатарда кезекші бөлім және бейнебақылау инспекторларының аймағы орналасқан. Орта деңгейде – радиостанцияның көмегімен полиция нарядтарының кешенді күштерін басқаратын топтың инспекторлары. Жоғарыда жедел штаб жиналатын бөлме бар. Жедел штабта қарама-қарсы үлкен қабырғаға үлкен дисплей ілінген, онда қаланың кез келген жерінде болып жатқан оқиғаның суретін көрсетуге мүмкіндік бар.

– Қаламызда полицияның цифрландыру жүйесіне жүйелі түрде көшіп жатқаны қуантады. Осы орайда бейнебақылау жұмыстарын қадағалап отыратын арнайы штабтың жұмыс тәртібі мен қарқыны қандай екеніне тоқталып өтсеңіз.

– Қарағандының құқықтық тәртіп мониторингі жедел басқару орталығында орналасқан. Онда тәулік бойы қаланың түкпір-түкпірінен ақпараттар түседі. Бір жарым жыл ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде ішкі істер органдарында «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің біртұтастығы» жобасы іске асырылуда.

Оның міндеті – полицияны халыққа жақындату. Азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың көпарналы процесі түрлі байланыс арнасы арқылы бір терезеде өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.

– Шахназар Әбдәшімұлы, адамдар мен полиция арасындағы ішкі қатынас пен араластықты қалай бағалайсыз? Не жетіспейді?

– Халық пен полиция арасындағы қарым-қатынас қазіргі кезде жақсы деңгейде деп айтуға болады. Біздің Полиция басқармасы әрқашан ашық және қолжетімді болуға тырысады.

Біз азаматтарды аптаның кез келген күні қабылдауға дайынбыз. Әрбір қала тұрғыны өз мәселесі бойынша біздің басқармаға немесе аумақтық полиция бөлімдеріне еркін түрде жүгіне алады.

Әркім өз ісіне адал, қоғамға құлшына көмектескенде ғана берекеміз бен бірлігіміз артатыны даусыз. Бұл қағидаға қарапайым жедел уәкілден бастап, шенді генералға дейін бағынуы тиіс деп санаймын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Аружан АЛПЫСБАЙ