Шахматтан республикалық турнир
Мектеп оқушыларынан құралған үздік шахматшылар Қарағанды қаласында бас қосты. Мұнда зияткерлік ойын бойынша республикалық турнир өтті. Айта кету керек, байрақты бәсеке алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы, Қарағанды облыстық филиалы бірлесіп, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, шахмат турнирі ұйымдастырылды. Сайысқа бұған дейін іріктеліп келген қатысушылар «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының тәрбиеленушілері. 30-ға жуық спортшы Қарағанды, Нұра, Шахтинск, Саран жерінен келген.
– Бүгінгі турнирге шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Алғашқы ойыным өте тартысты өтті. Ол кездесуде мен жеңіске жеттім. Өз басым шахмат ойының ұнатамын. Сондықтан бұл – деңгейі өте жоғары жарыс, – дейді қатысушы Еркеназ Ханатбай.
Шараға Ауған соғысының ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы отставкадағы полковник Аманкелді Жантасов, ауған соғысының ардагерлері Айтбай Жұматаев пен Серғали Тоқтабеков те келді. Ауған соғысының жауынгерлері жас ұрпақпен ойын өрнегін өткізіп, нағыз батырлар мектеп оқушыларының жетістіктеріне сүйсінді. Шара соңында үздік ойын көрсеткені үшін Саран қаласының №1 мектеп-лицейінің оқушылары бірінші орынға жайғасса, екінші орынға Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің спортшылары тұрақтады. Үшінші орынға Шахтинск қаласының С.Асфендияров атындағы мектептің жастары лайықты деп танылды.
– Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, шахмат турнирі өткізілді. Зиялы ұлт қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі – сүйікті қаламызда шахматтың дамуына жағдай жасау. Осыны ескерген Қорғаныс министрлігі кейінгі жылдары Қазақстанда шахматты дамытуға ерекше назар аударып келеді. Мұны шахматты әскери қызметкерлердің, әскери-патриоттық қозғалыс жастарының аталмыш ойынға құмартуларынан байқауға болады. Енді міне, ақыл-ой спортын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды республикалық шара алғаш рет қолға алынып отыр. Келесі жылдан бастап, дәстүрлі түрде өткізілетін болады, – деп атап өтті Ауған соғысының ардагері, отставкадағы полковник Аманкелді Жантасов.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»