Шағын несиенің шарапаты мол

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен микронесие алуға өтінім қабылдау басталды. Биыл өңірдің шаруалары үшін 3,4 млрд теңге бөлінеді. Ауыл шаруашылығы саласының дамуы және шағын несие алу шарттары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингіде Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов айтып берді.

– Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техника мен жабдықтар сатып алу және ауыл шаруашылығы емес бизнесті жүргізу бағыттары бойынша шағын несиелер беру жоспарлануда, – деп атап өтті Сырым Бошпанов. – Қарағанды облысы үшін ағымдағы жылға 3,4 млрд теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Несие алу жөніндегі өтінім мен құжат Қарағанды қ., Алалыкин көшесі, 12, «Возрождение» бизнес орталығында орналасқан «Сарыарқа ӘКК» АҚ-да қағаз үлгісінде қабылданады. Анықтама үшін байланыс телефоны: 8-705-573-34-91 (несие менеджері – Наталья Тюрина). Несие беру мамыр айына жоспарланған.

Биыл өңірде 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 168 жұмыс орны құрылады. Бұқар жырау, Осакаровка және Шет аудандарында жалпы сыйымдылығы 25,2 мың тонна болатын жаңа картоп қоймалары салынады. Осакаровка және Абай аудандарында 732 гектар суармалы жер қалпына келтіріледі.

– Қарқаралы ауданында абердин-ангус тұқымды ірі қара малдың аналығын 500 басқа дейін көбейту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Бұқар жырау ауданында 7 600 тонналық картоп қоймасын салу жөнінде инвестициялық жоба іске асырылды, – деп атап өтті Сырым Бошпанов.

2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың Жол картасы шеңберінде өңірдің агроөнеркәсіптік саласында барлығы 3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 72 жобаны іске асыру жоспарлануда.