Шағын бизнес және жұмыспен қамту: Ұлттық стильдегі кәсіпкерліктің дамуы

Қарағанды облысында ұлттық стильдегі бұйымдар шығаратын шағын кәсіпорындар қарқынды дамып, жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлер өз ісін кеңейтіп, ұлттық мәдениетті жаңғыртуға атсалысуда.

Абай ауданының тұрғыны Майра Рамазанова өз кәсібін ұлттық бас киімдер тігуден бастады. Мемлекеттік гранттың көмегімен ол өндірісін кеңейтіп, өнім түрлерін арттыра алды.

– Мен қазақ қолөнерінің дәстүрлерін сақтауды және дамытуға үлес қосуды мақсат еттім. Гранттық қолдаудың арқасында кәсібімді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алдым, – дейді Майра.

Қарағандылық Гүлсім Кенжебекова да ұлттық киім тігумен айналысады. Ол күйеуінің гаражын тігін цехына айналдырып, қазақи үлгідегі киімдер мен қыз жасауларын тігеді. 2023 жылы мемлекеттен 37 млн теңге көлемінде несие субсидиясын алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды.

– Ұлттық киім – бұл тек сән емес, ол біздің мәдени мұрамыз. Мен жастардың күнделікті өмірде осындай киімдерді киюін армандаймын, – дейді Гүлсім.

Кәсіпкер Аққыз Бәкенова өз ісін баласына ұлттық киім тігуден бастады. 2023 жылы ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы аясында облыс әкімінің грантын жеңіп алып, балаларға арналған ұлттық киімдер шығаратын шеберхана ашты.

– Қазақстанда дәстүрлі ою-өрнектері бар маталар мен кестелер өндірісін дамыту өте маңызды. Біз қазіргі уақытта материалдарды шет елдерден аламыз, бірақ өзімізде осындай өндірісті дамытсақ, ұлттық өнеркәсіптің жаңа деңгейге шығуына септігін тигізер еді, – дейді Аққыз.

Шағын және орта бизнесті қолдау өңірде түрлі бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан субсидиялау, несие кепілдендіру, инфрақұрылымдық қолдау, жастар мен әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттар беру сияқты тетіктер жұмыс істейді. Өткен жылы облыс әкімінің грантына 407 жас кәсіпкер қатысып, олардың 25-і жеңімпаз атанды.

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы мәдениет пен бизнестен бастап ғылым мен медианы қамтиды. Биыл бағдарламада өзгерістер болуы мүмкін, бірақ негізгі критерийлер – жобаның өзектілігі, әлеуметтік маңыздылығы және даму әлеуеті сақталады, – деді жастар саясаты басқармасының бас маманы Ұлан Омаров.

Ұлттық стильдегі кәсіпкерлікті дамыту тек мәдени мұраны сақтауға ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және экономиканы нығайтуға ықпал етуде.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»