Шәкіртінің шамшырағы

Қазақстан Республикасының Білім беру саласының үздігі таланттыны өрге, білімдіні төрге сүйреді. Ұстаздық оның бөлінбес бөлшегі мен өмірлік өлшеміне айналды. Ұстаздар күні қарсаңында Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, №61 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, шәкірттері талай мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған Дидар Қарсыбекқызы Төрегелдина жайлы қалам тербегенді жөн көрдік. Ендеше өз уақытын өзгеден аямаған, өзгенің баласын туғанынан артық аялаған жанның құпиялы қырлары мен сансыз сырларына бірге үңілейік.

Ұстаз балалық шағынан бастап сұлулықтың символына айналған әсем табиғаттың көркем де кербез келбетіне мейірімі қанып өскен. Байыпты қалпынан таймаған білім майталманы ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағымен сусындап, санасына кіршіксіз кемеңгерлікті сіңірген.

– Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылында туып-өстім. Мектеп табалдырығын Қарағандыда аттадым. Кішкентайымнан табиғатқа тамсанып, өлең-жырмен тербеліп өстім, – дейді Дидар мұғалім.

Біртуар тұлға қара шаңырақ – Қарағанды университетінде білім алып, еңбек жолын ауыл мектебінен бастап, оның өркендеуі жолында біліктілігін барынша байқата білген. Ардақты жан өнерге таласы бар, білімге құлшынысы зор өрендердің көкірегіндегі сәулесін жақты.

– Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті – ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау. Осыны мақсат етіп, ауылда бастауыш сыныпқа сабақ беріп бастадым.

Жүзінде жалын, көзінде от ойнаған жігерлі жас маман Бұқар жырау ауданының Керней ауылындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа шақыртылды. Ынтасы мен ыждағаты тасып тұрған шағында Дидар Төрегелдина талай шәкірттің жұлдызын жағады.

2005 жылы Қарағанды қалалық №61 орта мектепте білім бере бастайды. Бала бойындағы дарынын байқап, тақтаға шыққанда сахнаға шығатындай талап қойған Дидар Қарсыбекқызы білім жолында білек сыбана қызмет етеді.

Ұлағатты ұстаз кейінгі 15 жылда оқушылары үшін жанын салып жұмыс жүргізді. Қайсар азаматшаның ерен істері мектеп оқушыларына талпыныс беріп, биік мақсаттарға жетеледі.

– Білім алушылардың әлеуметтік жағдайының әлденуіне жарқын жол ашып, әрқайсысының өз биігіне жетуі үшін жанын аямады. Республикалық байқау қатысушыларына жеңсе де, жеңбесе де өз қалтасынан ақшалай сыйлық береді. Мектеп оқушыларының бүгінгі деңгейге жетуінде Дидар Қарсыбекқызының атқарған еңбегі орасан. Кез келген қиындықтың шығар жолын таба білді, – деп атап өтті ұстаздың шәкірті Жанар Жұмабекова.

Ұшан-теңіз білімі мен білгірлігінің арқасында ардақты жан Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталып, Білім беру саласының үздігі атанды.

– Осы жаз мезгілінде он күн ғана демалдым. Қалған уақытымды оқушыларыма арнап, XXIII республикалық Абай оқуларына дайындалдық, – дейді мұғалімі.

Оның осы бір риясыз пейілінің арқасында үш бірдей шәкірті биылғы тамыздың 14-і мен 17-сі аралығында өткен республикалық Абай оқуларында биіктен көрінді. Бұдан бөлек Мағжан, Мұқағали, Махамбет оқуларының жеңімпаздарын да өзі баптады.

– «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір жеңістің артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі бар. Мектепішілік сайыстан суырылып шыққан баланы қалалық байқаудың деңгейінде ғана емес, облыс, республика деңгейіне дайындаймын. Оларға сайыстардың рухани білімін арттыратынын түсіндіремін. Мәселен, Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім арқылы ғана озады», – дейді. Осыны ұққан баладан ертең елім дейтін тұлға қалыптасады, – деп тарқатты Дидар Қарсыбекқызы.

Осылайша 27 жыл ішінде кемеңгер тұлға талай таланттың томағасын сыпырып, үлкен өмірге жол ашты.

– Оқу-білім жолында жүрегінде тебіренісі бар жастарға деген қамқорлығы ерекше болды. Мейірімін сол балалық кезден сезініп өстік. Шығармашыл оқушылардың тоқырау, қайта өрлеу кезеңдерінің барлығын жіті бақылап, асқан жанашырлық танытты, – дейді биылғы Абай оқуларының жеңімпазы Ақшархат Эшкулова.

Пандемия жылдары көп оқушының сауаты мен білім деңгейінің төмендеуіне алып келді. Адалдықтың ақ туын арқалаған жан осы олқылықтың орнын толтыру үшін мектеп жанынан «Ұлтқа қызмет» үйірмесін ашты. Мақсат – мектеп оқушыларын өз ана тілінде сауатты оқып-жазуға баулу, патриоттық сезімін арттырып, өмірлік бағдар беру.

– Қазір оқушылардың барлығы «жалақысы көп», «сұранысқа ие» мамандықтарды таңдап жатады. Мен балаларды қандай салада да ұлтына, еліне қызмет етуге үйретсем деймін, – дейді ұлағатты жан.

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Осы жолды таңдаған кейіпкеріміз де өз оқушыларының өмірінде жол сілтер шамшырағы болып келеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»