Сенсациялық жеңіс
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында сенсациялық жеңіске қол жеткізді. ЕУРО – 2024 іріктеу матчы аясында Қазақстан мен Дания құрамасы кездескен болатын. Біздің спортшылар қарсылас команданы 3:2 есебімен жеңді.
Доп додасы басталған сәтте, басымдықты қонақтар иеленген болатын. Алғашқы сәтте даниялықтар 0:2 есебімен алға шығып, айқын басымдықпен жеңетіндей болып көрінген. Жерлестеріміздің жеңіліп жатқанына стадион толы жанкүйер де күйініп, көңілсіздік жайлап алды. Әйтсе де ойынның екінші бөлігінде қазақстандық спортшылар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алғашқы болып Бақтияр Зайнутдинов гол соқса, кейін Асхат Тағыбергеннің алыстан тепкен соққысы есепті теңестірді. Ойын соңына қарай Абат Айымбетовтің қарсыластар қақпасына тура бағыттаған соққысы діттеген жеріне дөп тиіп, есеп 3:2 болып жаңарды.
Отандастарымыздың бұл жеңісі шын мәнісінде сенсациялық жеңіс болды. Өйткені ұлттық құраманың жеңіске жетеріне сарапшылардың өзі күмәнмен қараған болатын.
Қазақстан ұлттық құрамасының келесі кездесуі сырт алаңда, яғни 17 маусымда Сан-Марино стадионында өтеді.