Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ұмытпау – ұрпақ парызы

Жыл сайын 31 мамыр күні Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Бұл – халқымыздың басынан өткен ең ауыр кезеңдердің бірін еске алып, жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамның рухына тағзым ететін күн.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы бұрын-соңды болмаған қасіретті бастан өткерді. 1929-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан 2 миллионға жуық адам көз жұмып, тағы миллионнан астамы туған жерін тастап, шетел асуға мәжбүр болды. Бұл нәубет қазақ халқының демографиялық өсіміне ғана емес, ұлттық болмысына да ауыр зардап әкелді. Ашаршылықтан кейін басталған саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ қоғамының зиялы қауымын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін жаппай қудалаумен ерекшеленді. Ресми деректер бойынша, саяси себептермен 103 мың адам сотталып, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Мыңдаған отбасы ойран болып, талай тағдыр тәлкекке түсті. Қазақстан аумағында құрылған 11 ірі жазалау лагері кеңестік репрессияның ауыр зардаптарын көрсетеді. Сол лагерлердің қатарында Қарағанды облысында орналасқан әйгілі Қарлаг та бар. Қарлаг кеңестік кезеңдегі ең ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі ретінде тарихта қалды. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері мен саяси айып тағылған азаматтар жазасын өтеді. Қуғын-сүргіннің қасіретін қазақтар ғана емес, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған өзге этнос өкілдері де тартты. Жалпы саны 1,5 миллионға жуық адам туған жерінен айырылып, қазақ даласына жер аударылды. Осындай қиын кезеңде қазақ халқы өзге ұлт өкілдеріне қол ұшын созып, барымен бөлісті. Соның арқасында көптеген отбасы аман қалып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды. Тарихи жадымызды сақтау мақсатында еліміздің музейлері мен мәдени мекемелері ұлт тарихындағы осы ауыр кезеңдерді зерттеу және насихаттау жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осыған орай әскери-тарихи музейдің қызметкері Алмагүл Байдәулетовамен сұхбаттасқан едік.

– Алмагүл ханым, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңызы неде деп ойлайсыз?

– Бұл күннің маңызы өте зор. Себебі өткен тарихымызды білу арқылы біз болашаққа дұрыс бағыт аламыз. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін қазақ халқы үшін орны толмас қасірет болды. Миллиондаған адамнан айырылып, ұлт зиялылары жаппай қуғындалды. Сондықтан жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

– Қарағанды өңірінің бұл тарихи кезеңдегі орны қандай?

– Қарағанды облысы саяси қуғын-сүргін тарихымен тығыз байланысты. Өңір аумағында Қарлаг секілді ірі лагерь орналасқан. Мұнда еліміздің ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінген мыңдаған адам жазасын өтеген. Сондықтан Қарағанды өңірі репрессия тарихын зерттеуде ерекше орын алады.

– Жастарға қандай ой жеткізгіңіз келеді?

– Тарихты білу – патриотизмнің негізі. Жастар халқымыз бастан кешкен қиындықтарды біліп өсуі керек. Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, елдің дамуына үлес қосуға ұмтылғаны маңызды. Өткеннің сабағы бізді бірлікке, төзімділікке және ел тарихына құрметпен қарауға үйретеді.

Бүгінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – тек өткенге тағзым ғана емес, әділдік пен адам құқығының құндылығын дәріптеудің де белгісі. Тарихтың ауыр беттерін ұмытпай, одан тағылым алу – тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының азаматтық парызы.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»