Саябақтағы пайдалы жиын
Қарағандылықтарға серуендей жүріп әлеуметтік мәселелер жөнінде кеңес алу мүмкіндігі ұсынылды. Орталық саябақта ұйымдастырылған Ашық есік күніне 20 мемлекеттік орган, 60 жұмыс беруші, 10 үкіметтік емес ұйым, құқық қорғау органдары мен прокуратура, пробация қызметі, Қарағанды қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы өкілдері қатысты.
Жиын барысында тұрғындарды толғандырған сауалдарға Қарағанды облысы ПД бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Ә.К.Әбілдин, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Л.Т.Ақылжанова, Қарағанды қаласы Полиция басқармасының басшысы Ш.А.Салин және Қазыбек би ауданы прокурорының орынбасары К.С.Мұратов, «Amanat», «Ақ жол» «Байтақ» партияларының өкілдері және қалалық мәслихат депутаттары жауап бергенін де атап өткен жөн.
– Әлеуметтік сұрақтар жөнінде әр сала өкілдері жауап берді. Оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтық мәселесі жөнінде де психологтер осы жерге келіп халықпен кездесті. Мұндай жиындар бұған дейін де бірнеше мәрте ұйымдастырылған болатын. Мәселен, Майқұдықта жастар мәселесі жөнінде кездесу өткіздік. Көпбалалы аналар тақырыбына арналған жиындар да болды. Шара мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта тағы ұйымдастырылады, ол туралы қосымша хабар береміз, – дейді қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Көшпелі консультативтік жәрмеңкеде қала жастары балалар құқығын қорғау, балалардың жазғы демалысы, қамқоршылық мәселелері, жұмысқа орналасу, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау мәселелері, интернет алаяқтықтан қорғау мәселелері, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауының маңыздылығы және т.б. мәселелер жөнінде консультация алды. Оларға заңнама түсіндірілді, жаяу жүргіншілерге есірткі қылмыстарына қарсы күрес жөнінде профилактикалық консультация өткізілді.
Келушілерге 2 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Өткізілген іс-шарада 457 азаматқа кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде консультация берілді. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары жөнінде консультациялық жұмыс ұйымдастырылды. 86 азаматқа жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Оның ішінде пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға 12 жолдама, алименттік берешегі бар азаматтарға 9 жолдама берілді.
Көшпелі консультативтік шаралар мұнан әрі жалғасатын болады. Өткізу күні мен уақыты туралы ақпаратты қосымша хабарлаймыз.