Саябақ сәні – балалар алаңы

Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында жаңа балалар алаңы ашылды. Бұл ойын алаңын Қарағанды қаласының жас тұрғындарына демеушілер сыйлады. Қазіргі заманғы кешен Орталық саябақтың аумағында, нақтырақ айтсақ, «Снежок» кафесіне қарама-қарсы орналасқан.

– Алаң толығымен демеушілік қаражат есебінен ашылды. Ол қатты ағаштан жасалған. Кешенге турниктер, бірнеше сырғанақ, кішкентай үй кіреді. Алаңды күтумен біз айналысатын боламыз. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарын саябақтың барлық нысанына, соның ішінде жаңа алаңға ұқыпты қарауға шақырамыз, – деді саябақты абаттандыру бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Мұқашев.

Алаңның жанында маусымның соңына дейін ата-аналарға арналған самалжайлар орнатылады.

Саябақта жаңа алаңды қоса есептегенде үш тегін ойын алаңы бар. Олар саябақтың батыс бөлігінде, көл жанында және орталық аллеяда орналасқан.

Саябақта 300-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған.

Өз тілшімізден