Саумал шетелге саудаланады

Қарағанды облысында неміс технологиясымен мұздатылып кептірілген саумал шығарылады. Өнім тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де белгілі. Қазіргі таңда ұлттық сусын өндіруші ферма жаңа нарықты игеріп, өнімді Дубайға жеткізу мүмкіндігін қарастыруда.

Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев Осакаровка ауданына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіп қызметімен танысты.

– Біздің фермада қазақы жылқылар бар. Мал саны 1 500-ден 2 300-ге дейін өсті. Биыл мұздатыла кептірілген саумал өндіруді 6-дан 10 мың тоннаға дейін арттырамыз. Сату нарығы да кеңейіп келеді. Қазір Дубайда сатып алушымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, – деді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади. – Сонымен қатар өсімдік шаруашылығын дамытамыз. Биыл 12 мың гектар жер егілді, жаңа заманауи техника сатылып алынды. Келесі жылы егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайтуды және суармалы жерлерді дамыту бағдарламасын бастауды жоспарлап отырмыз. Инвестициялар шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды.

Кәсіпорында жүзге жуық адам жұмыс істейді. Өндірісті дамыту жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.

Фермада бие сауу процесі толық автоматтандырылған. Сауылған сүт бірден өңдеуге жөнелтіледі. Осылайша барлық пайдалы қасиеті сақталады.