Саптық жиын ұйымдастырылды

Ұлттық мерекені ұлықтау мақсатында Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Республика күніне орай саптық жиын ұйымдастырылды. Саптық жиын әнұранмен басталды, мектептің барлық педагогикалық ұжымы мен оқушылары қатысты. Мектеп директоры Равиль Якупов мерекемен құттықтап, Республика күнінің еліміз үшін маңыздылығы жайлы сөз қозғады.

Республика күнін атап өту мақсатында мектебімізде бірнеше шара ұйымдастырылды. Өнерлі халық – өміршең халық, қазақтың әдет-ғұрпына бағытталған «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында «Салтым – алтын қазынам» атты отбасылық мақал-мәтелдер сайысы өтті. Сайысқа 7-8 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге қатысып, жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Дене шынықтыру мұғалімдерінің атсалысуымен «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты NIS және БИЛ қыздар мен ер балалар командалары арасында спорттық сайыс болды.

Оқушыларды өз Отанын сүйетін, туған халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасаты азамат етіп тәрбиелеу мақсатында «Қазақстаным, елім менің» атты тақырыпта шаңырақ сағаттары өтті.

Мектеп жатақханасында тәрбиешілердің ұйымдастыруымен «Единство семьи – единство страны» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тәрбие сағаты патриоттық өлеңдер жарысы ретінде өткізілді.

Алты алаштың арманы болған, арда елдің айбары болған ең ұлық күн – Республика күнін салтанатты түрде тойлау мақсатымен «Менің Отаным – Қазақстан!» атты мерекелік іс-шарада мектебіміздің өнерлі оқушылары ән айтып, би билеп, мерекелік күнге орай өздері шығарған жан тебірентетін, патриоттық сезімге толы өлеңдерін оқып, өнерімен тәнті етті.

NIS баспасөз қызметі