Сапасыз жол – қылмыстық іс

Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент өкілдері Молодежный кенті әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша жол салу кезінде бюджет қаржысын жымқырған болуы мүмкін деп айыпталып отыр.

Былтыр ғана қазына қаражатына төселген 13 шақырымдық жол бір жыл өтпей жатып екі мәрте қайта жөнделген. Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінде 6,5 мыңға жуық халық тұрады. Былтыр кенттің ішкі жолдары жөнделе бастағанда қуанбағаны қалмаған. Бірақ, бір жыл өтпей жатып асфальт жол шұрық-тесікке айналыпты.

«Көктем келгелі осы жердің жолы қармен бірге еріп кетті. Одан кейін қайта жамаулап, жөндеген болған бірақ, көпке бармады. Біз еріксіз жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданғанбыз. Енді бәрі дұрыс болады деп ойлаймын» — дейді  Татьяна Комарда есімді кент тұрғыны.

Кент ішілік жол не бары 13 шақырым. Оны жөндеуге 445 млн.теңге қаржы бөлінген. Жауаптылар осы кезде көпқабатты үй алдындағы аула жолдары да жөнделгенін айтады. Алайда бұл жұмыстар сметалық құжатта көрсетілмеген көрінеді. Жол сапасын мамандар жүк көліктерге жауып отыр.

«Бізде жүк көліктері көп жүреді, сондықтан жол көпке барған жоқ. Жол белгілерін қойып, олардың жүруіне тиым салатынын да айтамыз, бірақ ескеріп жатқан ешкім жоқ. Полицейлермен бірлесіп жұмыс жүргізбесе нәтиже болмайтын сияқты.» — дейді  Молодежный кенті әкімі аппаратының бас маманы Светлана Ионова.

Жүк көліктері жүру үшін жолдың қалыңдығы кемі 5-7 қабат болуы тиіс. Ал, мұндағы жол қалыңдығы жобалық құжатқа сай 4 см-ден сәл асады. Өткен жылы қазан айында жөнделген жол биыл тағы жамалып жатыр. Тұрғындардың шағымын жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік желідегі шағымнан байқап қалған.

«Әлеуметтік желіні бақылау барысында кент тұрғындары жергілікті жолдың сапасын тексеру туралы өтініш жасаған. Тексеруге СЖҚ қызмет қосылды. Жол сапасына қатысты сәйкессіздіктер анықталды. Жәнеде бірқатар қылмыстық істер қозғалды.» — деді «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Малика Күсенбаева.

Атап өткен жөн, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазір жол құрылысының сапасын нысанаға мықтап алған. Бұл облыс бойынша іс қозғалып отырған алғашқы учаске емес. Осыған дейін Қарқаралы ауданы тұрғын-үй комнуалды шаруашылық бөлімінің экс-басшысына қатысты да  іс қозғалған болатын.

Расул Мұхаммед