Сапалы білімге жол ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына кезекті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауын жариялады.

Бәріміз мұқият тыңдадық. Көптеген өзгеріс орын алатынын айрықша атап айтты. Әсіресе білім саласына қатысты айтқан бастамаларына риза болдым. Өйткені көптеген жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздар қауымы үшін осындай тың бастамалар өте қажет. Жұмыстың сапасы артып, мәртебеміз көтеріліп, өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болуына жол ашылады. Елдің ертеңіне ие болатын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі өте маңызды. Сондықтан Президенттің Жолдауда айтқан дүниелерін ұстаздар қауымы қолдайтынына бек сенімдімін.

«Мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, олар ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100%-ға дейін сараланады. Оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен кредиттер де берілетін болады. Көрсетілген шаралар жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Грант санының көбеюі мектеп бітірген түлектердің оқуға түсуіне, қалаған мамандығының иесі болуына көбірек мүмкіндік туғызады. Мемлекет осылай білім алуға жағдай жасаса, жастар да сол қамқорлықты сезініп, сапалы білім алып, ертең еліне адал еңбек етіп, соны еселеп қайтарады. Демек, біз дамудың дұрыс жолындамыз. Алла жар болғай!

Ғайни МАМРАЕВА,

Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің директоры