Салық реформалары

Бұдан былай адыраспанмен емдейміз. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин денсаулық сақтау саласына 10% қосылған құн салығын енгізуді ұсынды. Министрліктің айтуынша, бұл төмендетілген мөлшерлеме. Алайда, бұрын медицина қосылған құн салығынан мүлдем босатылған еді. Бұл жаңашылдық қандай салдарға әкеледі?

Салық жөніндегі сарапшы Айдар Масатбаев 10%-дық салықтың салдары пациенттердің қалтасынан шығатынын растады. Бұл дәрі-дәрмек сатып алғанда да, ақылы медициналық қызметтерді пайдаланғанда да байқалады.

– Қосылған құн салығы бұл жағдайы нашарларға салынатын салық, өйткені түптеп келгенде оны тұтынушы төлейді. Бағаның қымбаттауы сөзсіз. Менің ойымша, бұл 10%-бен шектелмейді, ең жақсы жағдайда 12-15%-ға дейін көтеріледі. Бұл тікелей қосылған құн салығы емес, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің қымбаттауы. Өкініштісі, баға өсуі әбден мүмкін, – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Қосымша салықты енгізу кепілдендірілген медициналық көмекке бөлінетін бюджеттік шығындарды да қайта қарауды талап етеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, салықты қазан айынан бастап енгізуі мүмкін. Жеке емханалар болашақ қиындықтарға алаңдаулы. Баға өссе, пациенттер саны азаяды, ал бұл медицина қызметкерлерінің жалақысы мен жаңа технологияларға инвестицияны қысқартуға әкеледі. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың бағасы да өседі. Астанадағы жеке медициналық орталықтың басшысы Данияр Қалиевтің айтуынша, жеке клиникалар мемлекеттік емханалармен бәсекелесе алмайды.

– Мемлекеттік медициналық ұйымдар ғимараттарды, медициналық жабдықтарды мемлекеттен тегін алады, ал біз бәрін өз ақшамызға сатып алуымыз керек. Сондықтан олар медициналық қызметтердің бағасын төмендетуге мүмкіндік алады. Ал жеке емханаларға бағаны өсіруді ұсынып отыр. Экономика министрлігі тіпті: «Уайымдамаңыздар, қосылған құн салығын халықтың мойнына арта саласыздар», дейді, – деп атап өтті медициналық орталықтың жетекшісі Данияр Қалиев.

Қосылған құн салығын енгізу денсаулық сақтау саласына салмақ түсіретінін дәрігер Қайырғали Көнеев те растайды. Оның айтуынша, егер бұл салық енгізілсе, Медициналық сақтандыру қоры да 10% салық төлеуге мәжбүр болады.

– Қазірдің өзінде медициналық көмектің қолжетімділігі өте төмен. Егер мемлекет халыққа сапалы және қолжетімді медицина ұсынса, басқа әңгіме. Бірақ үкімет өзінің конституциялық міндеттемелерін орындамай жатып, медициналық ұйымдарға 10% қосылған құн салығын салмақшы. Бұл өте үлкен теріс салдарға әкеледі: көптеген медициналық ұйым көлеңкелі нарыққа кетуге мәжбүр болады. Мұның экономикалық қана емес, ғылыми-техникалық салдары да ауыр болады. Ақырында, бәрін адыраспанмен емдеуге тура келеді, – дейді балалар невропатологы, қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев.

Дәрігердің пікірінше, Қазақстанға шетелден медициналық туристер ағыла бастаса, мұндай салықты енгізуге негіз болар еді. Мысалы, Қытайда медициналық қызметтерге қосылған құн салығының мөлшерлемесі 6%. Қазіргі жағдайда Қазақстан бұл тұрғыда Өзбекстан мен Ресейден де артта қалып отыр.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                    

«QH»