Салтанатты шара өтті
Қазақстан халқының бірлігі күні мен Отан қорғаушылар күніне орай Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасында салтанатты шара ұйымдастырылды. Әскери полиция органдарының құрылғанына 28 жыл толуына арналған бұл шара, сондай-ақ 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналып өткізілді.
Мерекелік кездесуге әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қатысып, бірге аталып өтетін маңызды мерекелердің мән-маңызын айшықтаған болатын. Шара барысында қызметте үздік нәтижелер көрсеткен әскери қызметшілер мен олардың жақындары ерекше құрметке ие болып, аналарына, әкелеріне, жұбайларына төсбелгілер мен алғысхаттар табысталды. Бұл шара әскери қызметшілердің еңбегі мен өз отбасыларының қолдауын атап өтуге, сол арқылы бірлік пен ынтымақты нығайтуға арналған болатын. Мерекелік кездесу тек ресми бөлімімен ғана шектеліп қалмай, көңілді әрі жылы атмосферада дәстүрлі дастарқан жайылып, қызметшілер мен олардың отбасылары арасында достық, сыйластық пен бірлікті нығайту мақсатында әңгімелер мен естеліктермен жалғасын тапты. Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының бастығы, полковник Еркебұлан Мадихан өз сұқбатында:
– Бүгін біз тек әскери қызметшілеріміздің еңбегін ғана атап өтпейміз, сонымен қатар олардың отбасыларына да ерекше алғысымызды білдіреміз. Отан қорғаушы болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Әскери қызметшілердің жанқияр еңбегіне тек ардагерлер ғана емес, олардың отбасылары да қолдау көрсетіп, біздің ортақ мақсатымызға – еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығына үлес қосуда. Сондықтан, осындай мерекелерде олардың маңызы зор. Біз үшін бұл күндер – бірлік, құрмет, отансүйгіштік сезімдерін ұлықтау күні, – деді Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының бастығы, полковник Еркебұлан Мадихан.
Сондай-ақ, полковник Еркебұлан Мадихан мерекелік шараның соңында қосымша атап өткеніндей: «Әскери полиция органдарының құрылғанына 28 жыл толуына арналған бұл шара біз үшін ерекше. Өткен жылдар ішінде әскери полиция органдары өз күшін, беделін және кәсібилігін айқын дәлелдеді. Біз алдағы уақытта да өз міндеттерімізді абыроймен атқарып, мемлекетіміздің заңдарын қорғау жолында қызмет етуге дайынбыз», деді. Бұл күн әрбір әскери қызметші мен олардың отбасы үшін бірлік, құрмет пен отансүйгіштіктің жарқын көрінісіне айналып, біртұтас ұлт болып, күшіміз бен ынтымағымыздың шегін кеңейтті. Барша жұртшылық үшін маңызы зор мерекелерді атап өту арқылы, біз бірге болудың, ел үшін ортақ қызмет етудің асыл дәстүрін жалғастырып отырмыз.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»