Сахна сиқыры: балалар үйі тәрбиеленушілеріне жаңа мүмкіндік берілді

Қарағандыда «Жұлдыз болғым келеді» әлеуметтік-шығармашылық жобасы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін би байқауы өтті. Бұл жоба жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың өзіне деген сенімін арттыруға және үлкен сахнаға жол ашуға бағытталған.

Қарағанды сахнасы бұл жолы ерекше рухпен көмкерілді. Қарағанды, Ұлытау және Ақмола облыстарынан келген жас бишілер өз өнерін ортаға салып, үлкен арман мен үмітті бірге алып шықты. Қазіргі таңда осы өңірлерде балалар үйі мен қолдау орталықтарында шамамен 700-ге жуық тәрбиеленуші бар. Солардың арасынан өнерге бейімі бар балалар үшін мұндай жобалар – үлкен мүмкіндік алаңы.

Қарағанды облысы білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Ольга Сухова жобаның маңызын атап өтті.

– Бұл байқау Қарағанды облысы білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оған біздің арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтары, соның ішінде «Әсем», Осакаров ауданының «Таңшолпан» орталығы, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған орталық пен Теміртау қаласындағы «СОС балалар ауылы» қатысып жатыр. Бұл орталықтарда би, вокал сияқты үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Балалар сол үйірмелерде үйренген өнерін бүгін сахнада көрсетті, – дейді маман.

Жобаның авторы Алексей Лодочников бұл бастама балалардың тек талантын ашып қана қоймай, олардың өмірге деген көзқарасын өзгертуді мақсат ететінін айтады. Идея авторы өзі де кезінде балалар үйінде тәрбиеленген.

– Біз «Жұлдыз болғым келеді» жобасын алғаш бастағанда басты мақсатымыз – балалардың ішкі мүмкіндігін ашу және оларға сенім беру болды. Өйткені әр балада талант бар, тек соны көре білу керек. Жоба барысында біз балаларға сахна мәдениетін, өзін-өзі ұстауды, өнер арқылы өз ойын жеткізуді үйретеміз. Ең бастысы – олар өздерін қажет, маңызды тұлға ретінде сезінеді. Биыл жобаның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны айтарлықтай артты, – дейді Алексей Лодочников.

Байқауға 6 мен 18 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Өткен жылы 170 бала бақ сынаса, биыл еліміз бойынша қатысушылар саны 900-ге жеткен. Бұл қоғамда осындай әлеуметтік-шығармашылық жобаларға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Жеңімпаздарға 700 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін қаржылай сыйақы қарастырылған.

Осакаров ауданынан келген «Достық» би ұжымы байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді.

Ұжым мүшесі Дарья Якубения жарысқа алғаш рет қатысқанын айтып, әсерімен бөлісті.

– Біз халықтық және заманауи билерді орындаймыз. Бұл жолы тек халық биін дайындадық. Алғаш рет үлкен байқауға қатысқандықтан, аздап қобалжу болды. Бірақ жеңіске жетуге бар күшімізді салдық. «Гүлназ» биін орындадық, көрерменге ұнады деп ойлаймыз, – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар балалардың тек шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне де ықпал етеді. Алдағы уақытта іріктеу кезеңдері Алматыда өтсе, жобаның финалы Астанада жоспарланған. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік жас бишілер бас жүлде үшін бақ сынайды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»