Сақтықта қорлық жоқ
Қарағанды гарнизонында әскери полиция басқармасының қызметкерлері әскери бөлімдердің автоәуесқойлар қоғамының төрағаларымен конференция өткізді. Жолкөлік оқиғаларын алдын-алу іс шарасы «Астана» өңірлік қолбасшылығының мәжіліс залында ұйымдастырылып, жиын барысында биылғы жылдың жол-көлік оқиғалары да назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, конференция барысында әскери бөлімдердің автокөлік жүргізушілері қоғамының жұмысын жақсарту мәселелері қарастырылып, 2021 жылы автоәуесқой жүргізушілер қоғамының жұмысы барысында жіберілген кемшіліктер қарастырылды. Жұмыс сапасын оңтайландыру бойынша міндеттер қойылып, нұсқаулар берілді.
Анықталған жол-көлік оқиғалары мен жылдамдықты асыру жағдайлары да айтылды. Әскери бөлімдердің лауазымды тұлғаларына жол қозғалысы ережесін бұзушыларды қатаң бақылауға алып, жеке құраммен ережелерді сақтау бойынша тиімді профилактикалық жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Жиынға «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының техникамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Шәкен Жарылқасынов арнайы қатысқан.
— Бүгінгі жиын барысында, жол қозғалыс ережелері айтылып, орын алған заң бұзушылықтар талқыланды. Жиын қорытындысына сәйкес, әскери бөлімдердің жауапты тұлғаларына жол қозғалыс ережелерін бұзушыларды қатаң бақылауға алуды және жеке құраммен жол-көлік оқиғаларын бақылауға арналған алдын алу жұмыстарының сапалы жүргізілуі міндеттелді, — деп атап өтті өз сөзінде әскери автомобиль полиция бөлімінің бастығы майор Дүйсенғали Шайкенов.