Сақтық шарасы – саулық кепілі

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол бойындағы қызметкерлермен бірлесіп теміржолда адамдардың жүру тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл рейдтің мақсаты – теміржол нысандарында адамдарды жазатайым оқиғалардан сақтандыру, алдын алу.

Рейд барысында тұрғындарға түсіндірілді:

– станциядағы басты жолдардың, негізінен, «Тальго» вагондарына, жолаушылар мен жүк пойыздарының қауіпсіз өтуіне арналғаны;

– тек жаяу жүргіншілерге арналған көпір арқылы өту қажет екені;

– темiржол бойында жүргенде пойыздардың, вагондардың және локомотивтердiң бар-жоғына көз жеткiзу, орын алған жағдайда қауіпсіз қашықтықта тұру керек екені;

– теміржол бойындағы барлық қозғалыс туралы теміржолшылардың дауыс зорайтқыш арқылы жариялайтын хабарламаларын мұқият тыңдау қажет екені.

Жастарға вокзалдың негізгі жолдарында жүруге тыйым салынатыны, бұл орындардың ойнауға арналмағаны туралы әңгіме айтылды. Ал ересек адамдарға балаларын қадағалау және олардың теміржолда жүруіне тыйым салу тапсырылды. Сондай-ақ пойыз қозғалысы кезінде вагон баспалдақтарынан секіруге қатаң тыйым салынатыны, мұндай әрекеттің адам өміріне қауіпті екені қаперге салынды.

Сымдар арқылы 27 000 Вт кернеу өтетіндіктен, үзілген түйіспелі сымдарға жақындауға және оларға қол тигізуге болмайтыны, вагон үстіне шықпау керегі де назардан тыс қалған жоқ. Теміржолды кесіп өту барысында ұялы телефон құлаққабын пайдаланбау, телефонмен сөйлеспеу, теміржол қызметшілерінің пәрмендерін тыңдау керегі де түсіндірілді.

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПБ