Сақтансаң сақтайды
Өзгені алдап – арбауға машықтанған қылмыскерлердің ырқына түсіп сан соғып қалмау үшін халықты ақпараттандыру маңызды, дейді полиция қызметкерлері. Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында интернат аляқтықтың алдын алу, сақтану жолдары туралы айтылды.
Ақпараттық технология қарыштаған сайын алаяқтар ғаламтор көмегімен өзгені алдаудың сан түрлі тәсілін, қаржыны қымқырудың бірнеше амал- айласын ойлап тауып, орайы келсе миллиондап қаржыны қолды етуде. Алаяқтар құрығына жас та, кәрі де түсіп, опық жеп қалғанын соңында ғана біліп жатады. Және мұндай оқиғалар аз емес. Ал полицейлер тұрғындарымыз алаяқтардың арам пиғылды әрекетері жайында хабардар болса, өздерін алаяқтардан қорғай алады дейді. Сондықтан брифинг барысында «сақтансаң сақтайды» қағидасы сөз болды. Қарағанды қалалық полиция мамандары алаяқтарға алданып қалмау үшін қалай әрекет ету керектігін айтып, ақпараттандыру түсіндірме жұмысын ұдайы жүргізуде. Осы жұмыстың нәтижесі де жоқ емес.
– Профилактикалық жұмыстың арқасында күнделікті интернет алаяқтық туралы 102 каналына кем дегенде 15-ке дейін қоңырау түседі. Соның ішінде жоқ дегенде сегізі профилактикалық жұмысты жүргізгеннің арқасында, алаяқтардың арбауына біздің азаматтарымыз түспейді. Себебі, жұмыстар алдын-ала жүргізілген, – дейді Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің бастығы Ерлан Мұсабеков.
Ғаламтордағы алаяқтық онлайн қызметтердің артуы, сауда-саттық ауқымының ұлғаюына байланысты түрлене түсуде. Жалған жарнамаға сеніп, көрмеген тауарды алуға, құны арзан бағадағы бұйымды иемденуге қызыққан тұрғындар алаяқтарға оп-оңай ақ алданып жатады. Ал соңғы жарты жылда, полицейлер айтуынша, өзгенің ватсабына кіріп, сол адам атынан туыс-туған, дос- жараңдарынан ақша сұрау алаяқтығы жиілеп кеткен.
– Кейінгі кезде ең көп орын алып жатқаны, бұл ватсапты бұзып кіріп, туыстарынан болмаса басқа жақындарынан ақша сұрау. Мұндай оқиға осы жарты жылдың көлемінде көп орын алды. Одан басқа банк қызметкерлері, болмаса біздің полиция қызметкерлері болып, ұлттық банк қызметкерлері болмаса, басқада құзырлы органдардың аттарын жамылып, ақша сұрау жиілеп кетті, – дейді маман.
Сіздің есеп шотыңыздан қаржыңызды өзге жаққа аударып жатыр немесе, атыңыздан несие рәсімдеді деген желеумен банк қызметкері болып телефон шалып, тұрғындарды алдайтын әрекет әлі де тиылмай тұр. Мұндайда Ішкі істер органдары банктен нақты мамандар қоңырау шалмайтынын жалпы қаржылық мәліметтерді телефон арқылы ешкімге айтпау керектігін, смс хабарламаға жауап бермеу, жолданған сілтемелерге кірмеу қажет деп ескертуде. Онлайн тауар сатып алғанда да абай болған жөн.
– Біз бүгінде сіздерге интернет арқылы тауар алмаңыздар деп айта алмаймыз. Жоқ, тауар алуға болады. Бірақ көз жеткізіп, сол интернет дүкеннің бар екендігін, алдында алған астындағы пікірлерін оқып, көзіңізді жеткізген кезде, сол уақытта алуға болады. Бұл да бір интернет алаяқтықтың көп тараған түрі, – деп атап өтті Ерлан Мұсабеков.
Осындай қылмыстардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі нұсқаулығына сай «Участок» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Бұл шара аясында учаскелік инспекторлар тұрғындармен жүздесіп, жалпы қылмыстың профилактикасына қатысты ақпараттандыру шаралары жан-жақты жүргізуде.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»