Сұлулық пен батылдық
Қарағанды қаласында алғаш рет жеңімпаздар мотокүнтізбе беттеріне түсетін фотобайқау өтті. Іс-шара Қарағандының 90 жылдығына арналған.
Евгения – осы фотоконкурстың бірегей қатысушысы. Ол мотоциклге қатты қызығады және оған қол жеткізгісі келеді. Бұл жарыс туралы әлеуметтік желіден көрген және тартынбай бірден бағын сынап көргісі келген.
– Мен әлеуметтік желіні ақтарып отырып жоба жайлы мақаланы көріп қалдым. Барлығы содан басталды. Мұндай оқиға күнде бола бермейді. Мотокүнтізбенің жарнамасы да, жоспары да, құрылымы да өте ерекше жасалған. Бірден көзім түсті. Келмей жатып көргенім сол болса, келгеннен кейінгі танысқан таңсық дүниелерім өте көп. Мотоцикл қатты ұнағаннан кейін, ынтам басқалардан басымырақ болған сияқты, – дейді фотожобаға қатысушы Евгения.
Идеяның бастамашылары стилист-имиджмейкер Татьяна Картоева және көркемдік жетекші Дәулет Әбдірахманов болды. Жоба қаланың 90 жылдығына орайластырылған. 16 жастан 25 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдарға қатысуға рұқсат етілген жарыстың іріктеуінен көп адам өте алмаған.
– Дәулет екеуімізге керемет ой келді. Яғни біз қазіргі жастардың талантын аша алатындай, мүмкіндігін көрсете алатындай фотокүнтізбе ұйымдастырғымыз келді. Жас қыздар мен жігіттер мотоциклмен бірге көздің жауын алатын керемет фотоларға түседі. «Күн батқаннан таң атқанға дейін» деген тақырыбынан аңғарылып тұрғандай, жоба жұмыстары кешке басталады және таңға дейін жалғасады. Идеямыз өзімізге де, басқаларға да ұнап жатыр, қуаныштымыз, – дейді «От заката до рассвета» жобасының арт-директоры Татьяна Картоева.
Жобаға атсалысу мақсатында қаланың мотоклубтарының бірі мотоциклдерін ұсынды. Оның президенті Владимир Кимнің айтуынша, олар қаланың қоғамдық өміріне үнемі қатысады және бұл шара – өте қызық тәжірибе.
– Біздің клуб осындай қоғамдық шараларды үнемі қолдап отырады. Оларға барынша көмек беруге тырысамыз. Ал бұл фотокүнтізбе басқалардан асып түсті. Біз үшін өте қызық болып жатыр, – деп атап өтті мотоклуб президенті Владимир Ким.
Сұлулық пен сұстылықтан басқа, идея авторлары ұлттық костюмдерді фотожобаға ішінара біріктіруге тырысты. Күнтізбенің басты ерекшелігі ежелгі түркі тілі болады, ол көпшіліктің назарын жаулады. Бұл жоба өте сәтті өтті. Болашақта жоба авторлары осындай эксперименттерді жалғастыруды жоспарлап отыр.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»