Шілдеден бастап қандай айыппұлдар күшейеді?

1 шілдеден бастап Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне еніп, қоғамдық тәртіп пен тазалыққа қатысты талаптар күшейтілді. Жаңа ережелер тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Енді белгіленген талаптарды сақтамаған азаматтар мен заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Ең маңызды өзгерістердің бірі – тұрғын үй иелері мен жер пайдаланушылар өз үйлері мен ғимараттарының айналасындағы аумақтың тазалығына жауапты болады. Олар іргелес аумақты қоқыстан, арамшөптен, құрылыс қалдықтарынан тазартып, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар қоғамдық орындарға қоқыс тастауға, аулаларда жарамсыз көліктерді ұзақ уақыт қалдыруға, балалар және спорт алаңдарына көлік қоюға тыйым салынады. Үй жануарларын серуендеткеннен кейін олардың қалдықтарын жинау да иелерінің міндетіне айналды.

Жаңа талаптарды бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша алғаш рет ескерту немесе 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі.

Ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін Әкімшілік кодекстің 434-2-бабы бойынша 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл немесе қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Қайталанған жағдайда жаза күшейіп, айыппұл 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін ұлғаяды немесе қоғамдық жұмыс сағаттарының саны көбейеді.

Сонымен қатар шілде айында жол қозғалысы саласында да бірқатар өзгерістер енгізіледі. 12 шілдеден бастап жол қозғалысы ережелеріне енгізілген түзетулер күшіне енеді. Олардың қатарында орташа жылдамдықты автоматты түрде бақылау жүйесін қолдану, арнайы қызмет көліктеріне жол беру талаптарын нақтылау және электр самокаттарын пайдалану тәртібін қатаңдату бар. Бұл өзгерістер жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, жаңа талаптардың негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, қоғамдық тәртіпті күшейтіп, елді мекендердің тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан тұрғындарға жаңа нормалармен алдын ала танысып, заң талаптарын сақтауға кеңес беріледі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»