Рухани келісім – тұрақтылық кепілі

Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Осыған орай елімізде 18 қазанда Рухани келісім күні аталып өтеді. Биыл да қалыптасқан дәстүрге сай қаламызда дөңгелек үстел өтті. Оған діни және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат – еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам диаспора өкілдерінің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген ел үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлт бірлігіне негізделген тұрақтылық көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр.

Рухани келісім күнін ең алдымен өзара мейірім мен түсіністік күні деп айтсақ болады. Бұл күн барлық қазақстандық үшін ерекше маңызға ие. Шынында, бүгінде облысымызда он жеті конфессияның өкілдері бірлікте өмір сүріп келеді. Бұл – халықтардың адамгершілік және рухани бірлігі, ел өркендеуінің басты негізі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар биылғы жыл Қазақстан азаматтары үшін ерекше болғанын атап өтті.

– Биылғы жыл – ерекше жыл. Рухани келісім күні және ұлттық мерекеміз – Республика күні тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл мерекені ұлттың, халық бірлігінің, тұрақтылық пен ынтымақтың, бейбітшілік пен келісімнің көрінісі деп білеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, барлығымыз бір мақсатта орттақ мүддемен өмір сүрейік, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Жиынға қатысушылар да елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастыру тек биліктің немесе дін өкілдерінің ғана емес, барша ел азаматтарының алдында тұрған басты міндет екенін атап өтті.

– Биліктің дұрыс саясатының арқасында осындай рухани келісімге ие болып жатырмыз. Оның бірден-бір тірегі – білім. Яғни өз тарихыңды білу, өз дініңді білу. Осыны әрі қарай дамыта беру – біздің міндет, – деді Әнет баба мешітінің наиб имамы Талғат Ильмеев.

Қазақстанда Рухани келісім күні отыз жыл қатарынан өткізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдарында толеранттылық пен өзара сыйластыққа негізделген конфессияаралық диалог құруға мүмкіндік туды. Кездесу барысында қатысушылар мерекенің рөлі, ынтымақты нығайту жайында сөз сөйледі. Сондай-ақ республикада жүргізіліп отырған бейбітшілік пен келісім үшін алғыс білдірді.

 Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»