Роман Скляр Жезқазғанда

Жезді өңірдің жеке-дара облыс болуы көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе еді. Наурыз айында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа Ұлытау облысын құруды ұсынғалы жұрт қуанышында шек жоқ. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа облыс құруға дайындық барысын бақылау үшін Жезқазғанға келді.

Роман Скляр ең әуелі облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге болашақ әкімшілік орталықты салу жобасын қарап шықты. Егжей-тегжейлі құрастырылған жоспарлау жобасы әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар кешенін қамтиды.

Жезқазған — Қарағанды өңіріндегі апатты үйлері ең көп қала. Сол себепті мемлекеттік және құқық қорғау органдарын орналастыру жоспарланған бірқатар әкімшілік ғимарат жөндеуді қажет етеді. Тіпті кейбір мемлекеттік орган үшін бос ғимарат жоқтың қасы. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет басшысының бірінші орынбасарына мүмкін болған барлық нұсқа ұсынылды.

— Жезқазғанды дамытудың әлеуметтік жобаларымен таныстық. Мемлекеттік органдарды орналастыруға арналған ғимараттарды да қарап шықтық. Біз үшін ендігі міндет — қаланы облыс орталығы деңгейіне дейін дамыту, — деп атап өтті облыс әкімі.

Бірқатар нысанды аралап шыққаннан кейін Премьерминистрдің бірінші орынбасары Ұлытау облысын құру жоспары жөнінде кеңес өткізді.

— «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөнінде жұмыс алгоритмі бекітілді. Үш облыс құрылып, әкімшілік орталықтары белгіленетін болады. Өңірлерде ұйымдастыру-дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Штат саны, материалдықтехникалық қамтамасыз ету қажеттілігі есептеліп жатыр, — деді Роман Скляр. — Мен Ұлытау облысын құру жөніндегі дайындық жұмыстарының барысымен таныстым. Алда жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарын, соттарды, орталық мемлекеттік органдардың филиалдарын әкімшілік, шаруашылық ғимараттармен қамтамасыз ету, қызметкерлер үшін тұрғын үй салу, коммуникациялық байланыс желілерін іске қосу сынды маңызды шаруалар тұр.

Кеңес қорытындысында ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 16 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында орталығы Жезқазған қаласы болатын жаңа Ұлытау облысын құру бастамасын көтерген болатын.

Қазір қалада металлургиялық комбинат пен кен шахталары жұмыс істейді. Бір ғана Жезқазған қаласында 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар екен. Алдағы уақытта Ұлытау облысы орталығының бас жоспары қайта қаралып, әкімшілік ғимараттар, кадрмен қамту мәселелері жүйелі іске аспақ.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»