Құрмет көрсетілді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлдегер атанған екі қарағандылық жеңімпаз бен олардың бапкерлеріне облыстық әкімдікте құрмет көрсетті. Байрақты додада алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алған Аңсаған Қожанәсіп пен Ажар Салықоваға және бапкерлеріне ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген жүлдегерлер мен бапкерлерді сондай-ақ, спорт басқармасы өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қабылдады. Астана қаласында ұйымдастырылып, 89 елден 2 мыңнан астам адам қатысқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Және ерекше айтулы нәтиже біздің жерлес қыздарымыз сол байрақты жарыста алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алды. Мәселен, Аңсаған Қожанәсіп тоғызқұмалақ пен овариден бір алтын, екі күміс, бір қола медальді иемденді.

– Жалпы өзім тоғызқұмалақтан және батыс африкалық ұлттық ойын овари түрінен қатысқан болатынмын. Тоғызқұмалақтан жекелей есепте екінші орын, командалық есепте чемпион атандық. Ал овариден жекелей есепте үшінші орын және командалық есепте екінші орын алдық. Жалпы, жарыс өте тартысты өтті. Тоғызқұмалақтан ең мықты қарсылас Қырғыз, Моңғол мемлекетінен келді. Ал овариден Африка, Гана елінен мықты спортшылар қатысты, – деді тоғызқұмалақтан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері Аңсаған Қожанәсіп.

– Тоғызқұмалақ спортына машықтанғанына 14 жыл болған Аңсаған овари спортымен кәсіби түрде айналыспаймын 2017 жылы Чехияның Прага қаласына барғанымда тоғызқұмалақпен қатар Овари турнирі болған еді, сонда ережесін үйреніп қатыстым, – дейді. Содан бері өнер көрсетуде. Аңсаған 2017 жылы Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойынына қатысқан. Енді қараша айында Әлем чемпионатына даярланып жатыр. Көшпенділер ойынында кураштан күміс медаль иемденген Ажар Салықова да, самбодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, Әлем чемпионаттарының жүлдегері.

– Өзбектердің кураш күресінде төрт таған жоқ, тек қана тұрыста күреседі. Сол ұқсас болғаннан кейін, күресте бағымды сынап көрдім. Қазақ күресінен қарағанда киім үлгісінен бастап әдіс-тәсіліне дейін айырмашылығы өте көп, – дейді самбодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері Ажар Салықова.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне ілтипатын көрсетіп, алғысын айтты. Сіздердің жеңістеріңіз көптеген жасқа үлгі-өнеге, сол жеңістеріңіз арқылы жасап жатқан жұмыстарымыздың нәтижесін көріп отырмыз деді.

– Өз тарапымыздан мүмкіндігімізше қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Алдымызда ұлттық спортты дамытуға біраз ойлар бар, жеңістеріңіз құтты болсын! Қарағанды облысы сіздерді мақтан тұтады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Ұлттық спортты дамытып мықты жеңімпаздарды даярлап жүрген бапкерлер еңбегі де елеулі. Спортшыларымызбен бірге бапкерлерге де зор құрмет көрсетілген кездесуде облыс атынан ақшалай марапаттар ұсынылды. Аңсаған Қожанәсіпке 3 миллион, Ажар Салықоваға 2 миллион теңгенің сертификаты сонымен қатар спортшыларымыздың бапкерлеріне 1 миллион және 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұл жетістіктері үшін тарту. Айта кетейік, соңғы жылдары біздің облыс спортшыларынан бәсекелестері қаймығады дейді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»