Ұрланған ақша – ел игілігіне

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел байлығын қалтаға басып шетел асқан жемқорлардың жолын кесу қажеттігі айтылған еді. Яғни ұрланған қаражат кері қайтарылып, ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Бұл ретте Президент жемқорлар жемсауынан қайтқан қаражатты білім беру инфрақұрылымын дамытуға жұмсауды тапсырды.

Президент реформасы орындалу үстінде. Күні кеше ғана үкімет халық қазынасын тонаған жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсаудың тетігін бекітті. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов тиісті түзетулер енгізетін қаулыға қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Жалпы, мектеп салу үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», – деген болатын.

Рrimeminister.kz сайтының дерегінше, бүгінге дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге көлемінде қаражат түскен. Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға және тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.

Осылайша бұл механизм үш ауысымды оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосады.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»