Ревакцинация міндетті ме?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде ревакцинация науқаны, жасөспірімдер мен балаларды вакцинациялау туралы мәлімдеме жасаған. Үшінші қосымша доза жайлы не белгілі? Ревакцинация алмағандардың Ashyq қосымшасындағы статусы қандай болады? Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Сабыржан Қырғызалин мырзадан ресми жауап алдық.

– Ревакцинацияға түсінік беріп өтсеңіз. Кімдерге жасалады, қашан басталады?

– Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 15 қарашасындағы №49 «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы халыққа ревакцинация жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлері, медициналықәлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті, 60 жастан асқан тұлғалар, өздігінен зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар ревакцинацияланады. Вакцина салғаннан кейін ағзада шамамен үш апта өткенде коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Антидене вирусты анықтап, оған қарсы қалай күресу керегін біледі. Алайда уақыт өткен сайын ағзадағы антидененің мөлшері азайып, вирусқа қарсы қорғаныс нашарлайды. Мұның алдын алу үшін тағы екпе алу керек.

Бұған қоса вакцинаны қайта салдыру В-лимфоцит, Т-лимфоцит және Т-жад жасушасын түзіп, вирустың әр түрлі штамымен күреседі.

– Үшінші доза салдырғанда қай екпені таңдаған жөн?

– Кез келген вакцинаны алғаннан кейін ревакцинация қажет. Қазақстанда вакцина алғандардың басым бөлігі «Спутник V» салдырған. Бұл вакцинаның екінші дозасын алған соң 9 айдан кейін үшінші компонентін салдыруға болады. Ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in вакцинасын салдырғандарды 6 айдан кейін ревакцинациялауға рұқсат етілді.

– Ревакцинация кезінде неге бір доза ғана егіледі?

– Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлықэпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, коронавирус жаңа инфекция болғандықтан, жаңа деректер мен зерттеу нәтижелері шығып, халықаралық тәжірибелер де сараланып жатыр. Қазір әлем елдері ревакцинацияға тек бір доза қолданады. Бүгінде иммунитетті күшейтетін үшінші доза жайлы сөз болып жатыр. Себебі коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасынан соң қалыптасатын иммунитет қанша уақытқа сақталатыны белгісіз. Оған қатысты жүз пайыз ғылыми дәлел жоқ. Екіншіден, вирус мутацияға жиі ұшырап жатыр, сондықтан иммунитет вирусқа төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Ал үшінші доза сол иммунитетті күшейте алады.

– Ревакцинациядан бас тартқандарға қандай да бір шара қолданыла ма?

– Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, ревакцинацияны өтпегені үшін қандай да бір қосымша шектеулер қарастырылып жатқан жоқ. Ревакцинация процедурасының өзі көп жағдайда алдын ала белгіленген топтар арасында өтеді. Бұл санатқа халықтың денсаулығы осал топтары жатады. Сонымен бірге ағзадағы антидененің талдауы теріс нәтиже көрсеткен адамдар ерікті түрде ревацинация жасай алады.

– Ревакцинация уақытында жасалмаса, Ashyq қосымшасында статус көк түске ауыса ма? Вакцина паспорты не болады?

– Ashyq қосымшасындағы статус туралы сұраққа қазіргі уақытта жауап бере алмаймын. Ресми түрде ешқандай мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, ревакцинациядан өткендердің вакцина паспортында үшінші доза алғаны жайлы дерек енгізіледі. Ал екі доза алғандардың вакцина паспорты жарамды бола береді.

– Қаладағы балалар мен жасөспірімдер арасында коронавирус инфекциясының таралу жағдайы қандай?

– 2021 жылдың басынан бері коронавирустық инфекцияның 15 288 жағдайы тіркелді. Жүз мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 6 390 адамды құрады. Қараша айының басынан бері аудан бойынша 405 адам ауырғаны туралы шұғыл хабарлама тіркелді. Өткен ай бойынша 14 жасқа дейінгі 49 бала, науқас 10 жасөспірім тіркелді.

– Оқушыларға вакцинация оқу кезеңінде жүргізіле ме?

– Иә, жасөспірімдерді вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу пункттерінде сабақ уақытында жүргізіледі. Сондай-ақ атааналардың қалауы бойынша тіркелген емханада жүргізілуі мүмкін. Мектептерде вакцинация жүргізу кезінде екпе алған жасөспірімдер вакцинациядан кейін отыз минут бойы медициналық бақылауда болады. Осыдан кейін егілгендер қайта сабаққа барады. Әлсіздік, температураның жоғарылауы, басқа да белгілер байқалса, сабақтан босатылып, атааналары алдын ала хабарландырылып, қажет болған жағдайда үйге жіберілуі мүмкін.

– Ата-аналардың келісімі қажет пе? Келісімнің шынайылығын қалай тексеруге болады?

– Коронавирустық инфекцияға қарсы егуді қоса алғанда, кез келген профилактикалық егу атааналардың вакцинацияға берген ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі.

Вакцинациялауға жататын жасөспірімдердің тізімін жоспарлау және жасау процесінде ақпараттандырылған келісім алдын ала жиналады. Осыған байланысты вакцинациялауға ата-анасы қол қойған келісімі бар адамдар ғана алдын ала жасалған тізім бойынша шақырылады.

– Ата-аналар баласын вакцинациялап жатқанда жанында бола ала ма?

– Әрине, қалаулары бойынша ата-аналар балаларын вакцинациялау кезінде емханада да, мектепте де қатысуға құқылы.

– Егер жасөспірімде иммунитет жеткілікті болса, вакцинациялау міндетті ме?

– Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина егілген адамға коронавирустық инфекциядан қорғайтын арнайы иммунитет береді. Өкінішке қарай, табиғи арнайы емес иммунитет әрдайым инфекцияларға қарсы тұра алмайды. Салдарынан егілмеген адамдарда ауру жұқтырған кезде сырқаттанудың және асқынулардың пайда болу қаупі жоғары болады. Инфекциядан және вакцинациядан кейінгі асқынулардың жиілігін салыстыруға келмейді. Мәселен, коронавирустық инфекциямен ауырған кездегі жағдайдың шамамен он бес пайызында ауру оттегі терапиясын қолдану қажеттілігімен өтеді, тағы бес пайызында пациенттердің жағдайы критикалық болып табылады. Ықтималдығы жоғары аурудың ауыр түрлері егде жастағы адамдарда және демікпемен, диабетпен, жүрек ауруларымен ауыратын пациенттерде өршуі мүмкін. Коронавирустық инфекцияға қарсы иммундаудан кейін ауыр, қолайсыз көріністердің тіркелуі іс жүзінде нөлдік деңгейде. Басқа елдерде тіркеліп жатқан вакциналардың енгізілуіне күтілетін реакциялар ауыр реакцияларға жатпайды.

 – Жасөспірімдер вакцинациядан бас тарта ала ма?

– Иә, бас тарта алады. Ол – әр ата-ананың, баланың заңды өкілінің ерікті түрде қабылдайтын шешімі. Вакцинациялаудан бас тарту немесе келісімі міндетті түрде жазбаша рәсімделеді.

– Вакцинациядан кейін жасөспірімді қалай бақылау керек? Неге назар аудару қажет?

– «Комирнати» («Пфайзер» компаниясы) вакцинасын енгізгеннен кейін медициналық бақылау алғашқы отыз минутта жүргізіледі. Кейіннен егілген жасөспірімдердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне қоңырау шалып, үш күн бақылауға алынады. Бұл ретте бала мектепте де, тіркелген жері бойынша медициналық ұйым тарапынан да бақылауда болады. Медициналық бақылау кезінде баланың дене температурасына, тері жабындары мен көрінетін сілемейлі қабықтарына, психоэмоционалды жағдайына басты назар аударылады.

– Жасөспірімге вакцинация төлқұжатын қайдан жүктеуге болады? Қағаз нұсқасын қалай алуға болады?

– Вакцинациядан кейін жасөспірімдерге де вакцинация паспорты жасалады. Олар да ересектер сияқты, электрондық вакцинация паспортын «eGov mobile» мобильдік қосымшасынан жүктей алады. QR-коды бар қағаз тасығыштағы коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация туралы анықтаманы тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымнан алуға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА