Республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті. Іс-шаралар барысында жаңа Конституция жобасының негізгі мәні мен алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл саяси бағдар әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарға табан тірейтінін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылайша, 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата Заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген. Сондықтан конституциялық реформа заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді», – деді Мәулен Әшімбаев.