Ресейдің қанша азаматы қазақстаннан Жсн алды!?

Санкция салқыны салдарынан теріскейдегі көршілердің біздің елге ағылып келіп жатқаны БАҚ беттерінде жиі айтылып жүр. 2022 жылғы наурызда Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктердің саны 2021 жылғы наурызбен салыстырғанда 14 есе көп. Бұл туралы tengrinews.kz ақпараттық порталы жариялап отыр. Ішкі істер министрлігі өткен жылы Ресейдің 14 717 азаматы ЖСН алғанын хабарлады. Ал 2022 жылдың алғашқы үш айында ғана ЖСН 12 840 ресейлікке берілген.

Қазақстанда тіркелген ресейліктердің саны 2022 жылдың наурыз айында ерекше өсіпті. Бір ай ішінде Ресейдің 10 995 азаматы ЖСН алған. Салыстырайық: 2021 жылдың наурыз айында барлығы 783 адам ғана алған еді. Өсім 14 еседен артық.

Украина азаматтарына келетін болсақ, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл жерде көрсеткіш шамалы. 2021 жылы Қазақстанда барлығы 1 087 украиндық ЖСН алған. Айына 70-тен 128 адамға дейін өсім тіркелді. Биыл бұл көрсеткіш аздап өсті. Қаңтарда 42 украиндық ЖСН алды, ақпанда 80, ал наурызда 198 адам тіркеліпті.

Қазақстандықтар жеке сәйкестендіру нөмірлерін туылған кезде автоматты түрде алады. ЖСН Қазақстанда 2007 жылы енгізілгендіктен, бүгінде барлық азаматтың жеке куәлігі мен туу туралы куәлігінде бар.

Шетелдіктерге қазақстандық ЖСН не үшін қажет:

  • егер банкте шот ашу қажет болса;
  • егер шетелдік азамат Қазақстанда орналасқан көздерден табыс алатын болса;
  • салық салынатын мүлікті сатып алу кезінде, мысалы, автомобиль;
  • Қазақстан резиденті — заңды тұлғаның басшысы немесе резидент емес — заңды тұлға филиалының басшысы болып тағайындалған кезде. Шетелдік азаматтарға ЖСН алу үшін Қазақстанға келу міндетті емес. Мұны сенімхат арқылы жасатуға болады.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»