Әрекетке – берекет

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасы іске қосылғаннан бері 126,3 мың азамат, оның ішінде 22,6 мың жұмыссыз адам курстан өткені туралы сертификат алған.

– Платформада барлығы 160,2 мың қазақстандық тіркелді, оның 146,7 мыңы 2022 жылы тіркелген. Оқудан өткен 22,6 мың жұмыссыз азаматтың 6,9 мыңы – негізінен, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматы қалаларынан келген жастар, – деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Іске қосылғаннан бері авторлар платформада түрлі бағыт бойынша 161 курс жариялады, оның 107-сі тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ең көп сұранысқа ие курстар: «Сүтті ірі қара өсіру», «Персоналды басқару», «Құлпынай өсіру: А-дан Я-ға дейін», «Кассир» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелу және дайындалу технологиясы».

Платформа жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Аталмыш маркетплейс қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін халықаралық оқыту алаңдары мысалында құрылған.

Оқуға тікелей сілтеме немесе Электронды еңбек биржасында «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау (enbek.kz) арқылы қол жеткізуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады. Оқуды аяқтағаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеуден өтуі тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған кезде дағдыны меңгергені туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – курстың білім алушы тарапынан бағалануы.

– Бұл сертификат білім алушының Электронды еңбек биржасына тіркелу кезінде жасаған түйіндемесінде автоматты түрде көрсетіледі (enbek.kz). Жұмысшыларды іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді. 2022 жылдың наурыз айынан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды, оқу процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі пайда болды, – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Курс авторлары үшін сабақты құрастырудың ыңғайлы конструкторы, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әр түрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеу үшін онлайн-калькулятор орналастырылған.

Кәсіп ашу жолында көп ізденіп, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» ұстанымындағы қарағандылық Серік Аяулым дәл осы платформа арқылы білім алып, сертификатқа қол жеткізген. Оның айтуынша, онлайн оқыту арқылы білім алу әрі ыңғайлы, әрі қалтаны да қақпайды: «Мен оқуды аяқтағаннан кейін мамандықпен жұмыс істеп көруге тырыстым. Алайда болашағын ойлайтын әрбір азамат сияқты мен де кәсіпкерлікпен айналысуды қаладым. Армандап қана отыру аз екенін түсініп, әрекет етуге көштім. Сондықтан қадамдарымды нық басу үшін әуелі базалық білім қалыптастыру керек деп шештім.

Кәсіптік оқыту платформасы барлық жағынан ыңғайлы. Өзің қалаған курсты алып, өз бетіңше оқи беруге болады. Менің ойымша, біз сияқты жастарға, қарапайым халыққа жасалған зор мүмкіндік.

Өзіме қажет курстарды өтіп болғаннан кейін бірден жұмысқа көштім. Өзімнің мобильді құрал-жабдықтар сататын кішігірім бизнесімді бастап кеттім».

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін. Курс ақпаратты ұсынудың әр түрлі форматын қамтуы керек, олар: мәтін, презентациялар, бейне және аудиоматериалдар, инфографика және т.б. Онлайн курстардың ұсынылатын ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»