ҚР ҚМ: бұрынғы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде

Биыл қазан айының соңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Алматыда әскери зейнеткерлермен кездесуі кезінде олардың тұрғын үйге қатысты құқығын іске асыру жөніндегі мәселелер айтылды. Аталған мәселелерді шешу жөнінде қорғаныс ведомствосының басшысы нақты тапсырмалар берген болатын.


Негізгі заңнамалық проблема шешілгенін айта кеткен жөн. Бұрынғы заң еңбек өтілі 10-нан асқан, алайда 20 жылға жетпеген, яғни денсаулық жағдайына, қысқаруына және мерзімді жасқа келуіне байланысты әскери қызметтен босатылған әскери зейнеткерлерге арманындағы үйді алуға мүмкіндік бермеді.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер күшіне енді, соның нәтижесінде жұмыстан босатылған әскери қызметшілердің көрсетілген санаты жабық әскери қалашықтағы қызметтік үй-жайларды Қазақстан өңірлеріндегі тұрғын үйге айырбастау құқығын пайдалана алады.
Түзетулер енгізілген кезде Қарулы күштердегі мұндай адамдардың саны 742 адамды құрады. Бүгінгі таңда олардың 463-і баспанасын ауыстырды. Қалған 279 әскери зейнеткерлермен жұмыс әлі де жалғасуда.
Келіп түскен өтініштерді қарап, Қорғаныс министрлігі әскери зейнеткерлердің үкімет деңгейіндегі талап-тілектерін талқылауды ұсынды. Еңбек сіңірген жылдарына барабар өтемақы төлеу, жекешелендірілетін тұрғын үй-жайдың қалдық құнын төмендету мәселелері де қаралды. Алқалы атқарушы орган жабық оқшауланған әскери қалашықтардағы қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіруге жататын жылжымайтын мүлікке айырбастауды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Осылайша, қазіргі уақытта 23 адам таңдау туралы шешім қабылдады. Олар қазір Алматы қаласының 79 разъезінде салынып жатқан «Рона» тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуын күтуде.
Қазіргі уақытта әскери полиция өкілдерінің қатысуымен тұрғын үй қорына тексеру жүргізілуде. Заңсыз тұратын адамдар анықталған кезде оларды запасқа шығарылған әскери қызметшілер арасында қайта бөлу үшін тұрғын үй-жайларды босату шаралары қолданылады. Әскери зейнеткерлердің қалған бөлігін 2025 жылдың соңына дейін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.