ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы: Е. Тоғжанов бірқатар тапсырма берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленуде. Еңбек министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірге осы тапсырманың орындалуын қамтамасыз ететін негізгі орган болуы тиіс. Бағдарламаның негізгі міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету», — деді Ералы Тоғжанов. Премьер-Министрдің орынбасары халықтың табысын арттыруға байланысты шаралар кешенінде идеологияның маңызы зор екенін атап өтті. Осыған байланысты ЕХӘҚМ-не ақпарат, мәдениет министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адал еңбек құндылықтарын ілгерілету және масылдықты қабылдамау жөніндегі ауқымды ақпараттық-түсіндіру стратегиясын іске асыруды тапсырды. «Жұмысшы жастар ел дамуының негізіне айналуы тиіс. «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын іске асыру арқылы жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау қажет. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының жанынан түлектерді жұмысқа орналастыру үшін мансаптық орталықтарды құруды тапсырамын. Біздің мақсатымыз – түлектердің 70%-ының (жыл сайын 100 мыңнан астам түлек) жұмысқа орналасып, табыс табуы», — деді Ералы Тоғжанов. Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру мақсатында жаңа мүмкіндіктерді іске асыру үшін Премьер-Министрдің орынбасары көп балалы аналар мен мүгедек балалары бар аналарды қолдау және сүйемелдеу жөніндегі орталықтың үлгілік моделі ретінде «Бақытты отбасы» жобасын кеңейту қажеттілігін пысықтауды тапсырды. «Еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою бойынша шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде қызметкерлердің табысын арттыруға, халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын ұлғайтуға назар аудара отырып, мемлекеттік қолдау шараларын алатын бизнестің қарсы міндеттемелерін енгізу керек. Квазимемлекеттік сектордың барлық компанияларында басқарушы және өндірістік персоналдың жалақысындағы алшақтықты қысқарту бойынша ұсыныстарды пысықтау қажет», — деді Ералы Тоғжанов. Премьер-Министрдің орынбасары Мемлекет басшысының білікті кадрларды даярлаудың қажеттілігі мен маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін еске салды. Осыған байланысты Ералы Тоғжанов бұл бағытта азаматтарға болашақта перспективтілігін ескере отырып, мамандық таңдауға мүмкіндік беретін әзірленген жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын пайдалану қажет екенін атап өтті.

«Атлас Павлодар облысында сәтті сынақтан өтті, онда колледждер мен кәсіпорындардың бірлескен жұмысының нақты алгоритмі әзірленді. Білім министрлігі республиканың колледждері мен жоғары оқу орындары кадрлар даярлауы кезінде Атластың жаңа дағдылары мен құзыреттерін пайдалануды қамтамасыз етуі қажет. «Кәсіби біліктілік туралы» Заң жобасында бұл мәселені жан-жақты пысықтау керек», — деді ол. Ералы Тоғжанов цифрландырудың жаппай дамуына байланысты пайда болған жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеу мәселелерін пысықтауды тапсырды. «Бүгінде, мысалы, Uber, Яндекс-такси жүргізушілері және т.б. платформалық жұмыспен қамту нысандары қарқынды дамуда. Сондай-ақ жұмыспен қамтудың стандартты емес жаңа үлгілері олардың кең таралуына қарамастан құқықтық шеңбердің шегінен тыс қалуда. Жақын арада осы мәселелерді реттеу үшін, оның ішінде жаңа формация қызметкерлерін әлеуметтік қорғау жүйесіне тарту арқылы шаралар қабылдау қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Ералы Тоғжанов еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне де назар аударды. «Жалпы алғанда, еңбек ұжымдарында рұқсат етілмеген ереуілдерді өткізу беталысын ескере отырып, еңбек даулары кезінде жұмыскерлердің талаптарын ұсыну рәсімін оңайлату жөніндегі заңнамалық нормаларды пысықтап, олардың қатысушылары үшін нақты шеңберлерді айқындау қажет. Мұндай шара еңбек дауларын құқықтық өріс аясында шешуге ықпал ететін болады», — деді ол. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне базалық зейнетақыдан ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшуді көздейтін зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын Үкіметке уақтылы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сөз соңында Ералы Тоғжанов барлық реформалардың базалық элементі ретінде цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, еңбек министрлігіне цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, биылғы жылдың наурыз айының соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік органдардың деректер базасымен жұмысты аяқтауды тапсырды.