ҚР азаматтары бұрынғыдай ХҚКО-да әдеттегі режимде өз қызметтерін алатын болады

Соңғы күндері Қазақстанға келетін Ресей Федерациясы азаматтарының саны артып келеді. Нәтижесінде ХҚКО жүктемесінің артуы байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.


Кеше ғана ел бойынша 13 мыңнан астам өтінім қабылданды.
«Шамамен осындай мөлшерді біз бір ай бойы қабылдадық. ХҚКО-лардың штаттық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету және біздің азаматтар үшін, шетел азаматтарына қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайларды сақтау мақсатында біз Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Ақмола облыстарында ХҚКО-ларды жеке күшейту туралы шешім қабылдадық. Көрсетілген 8 облыстағы шетелдік азаматтар күшейтілген ХҚКО-ға жүгіне алады», — деп атап өтті спикер.

Күшейтілген ХҚКО-ға келесі мекенжайлар бойынша жүгінуге болады:
• Алматы қ., Жетісу ауданы, ш / а. Құлагер, Серіков к-сі, 6А;
• Астана қ., Сауран к-сі, 7;
• Павлодар қ., Павлов к-сі, 48;
• Орал қаласы, Жамбыл көшесі, 81/2;
• Қостанай қ., Гашек к-сі, 14;
• Петропавл қ., Әуезов к-сі, 157;
• Көкшетау қ., Әуезов к-сі, 189а;
• Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 249.
Осы ХҚКО-ларда ЖСН ресімдеу үшін жұмыс орындарының саны 148-ге көбейтілді. Бұл ретте ҚР азаматтары бұрынғыдай өз қызметтерін әдеттегі режимде алады.