ӘР АЛТЫНШЫ ОТБАСЫ БАЛА СҮЮ БАҚЫТЫНАН АЙЫРЫЛҒАН

Қазақстанда бүгінгі күнге дейін жасанды ұрықтандыру арқылы 35 мың отбасы бала сүйген. Ал бала тууға мүмкіндігі жоқ тағы 11 мың әйел өз кезегін күтуде. Биыл ЭКҰ жасатуға Қарағанды облысына 532 квота берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында «Отбасы- демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы мұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», — деді.
Себебі, біздің елде бедеулік пен белсіздік медициналық мәселе шеңберінен шығып, әлеуметтік түйткілге айналып отыр. Репродуктолог мамандар квотаның еселеп артуы 4-5 жыл кезекте тұратын отбасыларға тезірек сәби сүюге мүмкіндік береді десе, демографтар бұл әлеуметтік мәселе шешімін тапса, ажырасу саны азаяр деп үміттенеді.
Ел бойынша есепке тіркелген бедеу әйелдердің саны 11 мыңнан асып жығылады. Қазақстанда жасанды ұрықтандыру әдісінің бір бөлігін мемлекет қаржысы (квота) арқылы жасату 2010-жылдан бастап қолға алынды. Биыл 7000 үміткер «Аңсаған сәби» президенттік әлеуметтік бағдарламасы аясында ЭКҰ жасатып, ата-ана атану мүмкіндігіне ие болады деп күтілуде. 2020 жылмен салыстырғанда бұл процедураға квота саны жеті есеге артып отыр. 2018 және 2019 жылдары 902 циклден жүргізілген болатын.Мамандар есебі бойынша біздің елдегі бедеулік мәселесін шешу үшін квота санын 3-4 есеге арттыру керек.

Биыл квота саны 7 есеге артты.
Қазақстанда әрбір 6-отбасы бала сүю бақытынан айырылған.
Олардың 30% жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Ақылы ЭКҰ біздің елде 650мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін тұрады.
Қазақстанда алғаш жасанды ұрықтандыру әдісі осыдан 25 жыл бұрын қолданылды. Содан бері 35 мың отбасы бала сүйді.
Соңғы 40 жылда әлем бойынша 7 млн бала ЭКҰ жолымен дүниеге келген.

Экстра-корпоралды ұрықтандыру процедурасын жасату үшін ең әуелі тұрғылықты мекенжай бойынша арнайы мамандарға жүгініп, диспансерлік есепке тұру қажет, соған сәйкес денсаулық сақтау басқармасы жанынан ЭКҰ бағдарламасы бойынша квота алу тізімі жасалады. Процедура алуға мүмкіндік беретін басты дәйек – терапиямен емделмейтін бедеулік. Квотаның 60 пайызы ауыл тұрғындары үшін бөлінген. Оған 18 жастан 42 жасқа дейінгі соматикалық және созылмалы аурулары жоқ әйелдер үміткер бола алады.Ішкі жыныс мүшелерінің дамуында ауытқуы болмауы керек. Сонымен қатар, Қазақстан азаматы болумен қатар Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сай келу қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобын жасақтады. Мұқтаж жандарға квота бөлу жұмыстары да жіті қолға алынды. Әр аймақта ұйымдастыру-
әдістемелік үйлестіру жұмысына жауапты медициналық ұйым бекітілді. Әр өңірден мониторингтік нәтиже сараптамасын жасап отырар жауапты мамандар сайланды. Тіпті, пациент маршрутына дейін жасалған.
Бақытты жанұялар санын арттырар бұл игі істен Қарағанды облысы да шет қалмақ емес. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласынан тәжірибелі репродуктолог-мамандар арнайы келді. Олар екі күн бойы Қарағандыда экстра-корпоральді ұрықтандыру мәселелері бойынша тегін кеңес берді. Щорс көшесі — 53 мекенжайында орналасқан өңірлік акушерлік-гинекологиялық орталық базасында 3-4 наурыз күндері бас қаланың репродуктолог мамандары тегін қабылдау өткізді. Білікті дәрігерлер қабылдауына 300-ден астам ерлі зайыпты барды. Болашақ аналарға үміт отын сыйлаушы мамандардың бірі репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимов:
— Бедеуліктен баз кешкен жанұяларды тегін қабылдау жүргізіп, кеңес беріп, эксперттік ой білдіру, консультациялық көмек көрсету – басты міндетіміз. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 7 мың квота қымбат сұрыптандыру әдісімен жүзеге аспақ. Біздің елде тегін квота 2010 жылдан қолға алынды. Дегенмен, бөлінер квота саны шектеулі болатын. Ал ақылы қызмет құны қымбат болғандықтан, оған жүгінушілер саны көп болмайтын.
7000 квоталық игі бастамадан біздің облысқа бұйырған үлес салмағы – 532 квота. Бұл бағдарламада болашақ аналарға бар қолайлы жағдай ойластырылған. Қазіргідей карантиндік шектеу кезінде сақтық ескеріледі, пациенттер сабылмайды. Сондықтан да, арнайы жылжымалы бригадалар облыс орталықтарына арнайы барып, тегін қабылдаулар өткізуде. Енді бір шаранаға зар болғандар бұрынғыдай квотаны жылдап күтпейді. Жаңа жұмыс 12-ақпаннан бастап порталды жандандырды. Енді ЭКҰ құжатын рәсімдеу жұмыстары да бұрынғыдай көп уақыт алмайды. Портал ашылғанына бір ай толмаса да, Қарағанды облысында қазірдің өзінде 59 адам осы квотаны алып үлгерді.
Түйін сөз: Біздің елде отау құрған жас жұбайлар бір жыл ішінде сәбилі болмаса, оларға ресми түрде бедеулік диагнозы қойылады. Бір шақалаққа зар болған осындай бақытсыз отбасылар санын азайту үшін болашақта ЭКҰ процедурасын мемлекеттік квотадан емес, МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) арқылы жүзеге асыру көзделуде. Мысалға: көршілес ел Ресейде МӘМС жүйесі арқылы ЭКҰ жасауды осыдан 7-8 жыл бұрын қолға алған. Ал біздегі тың бағдарлама жеті мың отбасына әлди үнін тыңдатып, аңсаған сәбиімен қауыштырмақ.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ