Пробация есебіндегі азаматтарға арналған ашық есік күні өтті

Қарағанды қаласындағы Отбасы орталығында өмірін оң бағытқа өзгертуді мақсат еткен ерекше кездесу өтті. Мұнда пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты –өмірлік дұрыс дағдылар мен құндылықтарды түсіндіру, қоғаммен байланысты нығайту және өмір сапасын жақсартуға жәрдемдесу.

Кездесуге мемлекеттік мекемелер мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Олар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, құжат рәсімдеу тәртібі және қажетті мекемелердің орналасқан жері жөнінде кеңес берді.

– Бұл шаралардың түпкі мақсаты – өмірлік қиындыққа тап болған азаматтарға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне және өз орнын табуына мүмкіндік беру, – дейді Отбасын қолдау орталығының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Ғазиза Тілеукен.

Шара Республика күніне орай ұйымдастырылып, өмірін дұрыс арнаға бұрып жатқан жандарға бағыт-бағдар беруді көздеді. Пробация жүйесі – бостандығынан айырылмай, жаза өтеушілерге тек бақылау жасап қана қоймай, оларға заңдық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан көмек көрсететін маңызды бағдарлама. Бұл жүйе арқылы азаматтарға жаңа мамандық алу, жұмысқа орналасу және қоғамға қайта бейімделу мүмкіндігі беріледі.

Мобильді жұмыспен қамту орталығының мамандары мемлекеттік қолдау түрлері мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары туралы айтты. Зейнетақы қорының өкілі жинақтарды тиімді басқару тәсілдері мен заңнамадағы өзгерістерге тоқталды. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі отбасылық қиын жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін жәрдемақы, субсидия және өзге де әлеуметтік қолдау түрлері жөнінде ақпарат берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді және өз нәтижесін беріп отыр. Ең бастысы – сүрінген жандардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, өмірге жаңа көзқараспен қарауына мүмкіндік жасау.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»