Президент жолдауын қолдады

Әділетті Қазақстан және әскери қызметтегі тәртіп: Президент Жолдауы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауы еліміздің барлық саласында қызу талқылануда. Әсіресе, әскери қызметтегі тәртіп пен заңның маңыздылығы ерекше назар аударды. Президент жастардың әскерде өз міндеттерін алаңсыз орындауы үшін тәртіптің темірдей сақталуы қажет екенін атап өтті.

Осы Жолдаудың мәні мен мазмұнын талқылау мақсатында Әуе қорғаныс күштеріне қарасты Қарағанды гарнизоны, 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында арнайы жиын өтті. Іс-шараға әскери қызметшілер, әкімшілік сала мамандары, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олардың қатарында Саран қаласының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Туртбаева, Дмитрий Полтаренко, Шахмарал Кабулова, теолог Серік Тлекбаев және Евгения Гусева бар.

— Жиын барысында қатысушылар Президенттің жастар тәрбиесіне, әскердегі тәртіпке және бұқаралық спорттың дамуына қатысты айтқан ойларын талқыға салды. Әскери қызметшілер Қазақстандағы реформалардың маңыздылығына тоқталып, олардың елдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті, — деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бақтияров.

Әскерде тәртіп – Отан алдындағы борышты өтудің негізі. Мемлекет басшысы Жолдауда әскердегі тәртіп мәселесін айрықша атап өтті. «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. С-300 зениттік-зымырандық дивизионының сарбаздарына қажетті жағдайлар толықтай жасалған. Олар өздерінің күнделікті қызметтері арқылы Отанға деген сүйіспеншілігін білдіріп, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда. Бұл сарбаздардың пікірінше, Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы олардың әскери борыштарын жоғары деңгейде орындауына ықпал етеді.

— Жиын барысында ер азаматтардың Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруы – ел болашағының кепілі. Қазіргі жастар тәртіп пен жауапкершілікті ұстана отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуы керек,  — дейді Саран қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Туртбаева.

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Президент Жолдауда бұқаралық спорттың дамуына да ерекше тоқталды. «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ой әскери қызметшілер тарапынан қолдау тапты. Әскерде бұқаралық спортты дамытуға және түрлі спорттық шаралар ұйымдастыруға айрықша мән беріліп келеді. Жолдау шеңберінде айтылған заңнамалық өзгерістердің бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға ықпал ететініне сенім білдірген әскери мамандар болашақ жеңімпаздар мен ел мақтаныштарын тәрбиелеу үшін бұл салада белсенді жұмыс атқаруға дайын екендіктерін айтты. Жиын соңында қатысушылар Президенттің Қазақстанды реформалау жөніндегі шаралары елдің қарқынды дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететінін бірауыздан қолдады. Әскери қызметшілер Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру және әскердің беделін нығайту жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Бұл кездесулер мен талқылаулар Қазақстанның дамуындағы әрбір азаматтың, соның ішінде әскери қызметшілердің де өз орнын табуына мүмкіндік беретіні анық. Елдің болашағы үшін Жолдауда көтерілген мәселелердің іске асуы – баршамыздың ортақ міндетіміз.