Президент тағайындайтын Парламент Сенатының депутаттары бойынша өзгерістер жоспарланып отыр

Президент тағайындайтын Парламент Сенатының депутаттары бойынша өзгерістер жоспарланып отыр. Олардың саны қысқартылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Екінші республика. ҚР Президентінің өкілеттілігі қалай өзгереді» атты брифинг барысында Әділет министрі Қанат Мусин хабарлады.

«Мемлекет басшысы Парламент Сенатындағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынды, олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады, қазіргі уақыттағыдай сайламайды. Яғни Президент енді Сенатқа 15 емес, 5 депутат қана тағайындайды, ал қалғанын қоғамның ұлттық мәдени және өзге де елеулі мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы белгілейтін болады. Нәтижесінде Мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді», — деді Әділет министрі.