Президент сайлауының 20 қарашаға белгіленуі – жаңа электоралды циклдың бастамасы — — Е.Карин

Мемлекет басшысының Президент сайлауын 20 қарашаға белгілеу туралы жарлығы – жаңа электоралды циклдың бастамасы. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграм каналында саяси науқан туралы ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Президент сайлауын өткізу туралы бастама кейінгі үш жылдағы саяси жаңғыру бағытына толыққанды сай келеді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа, неғұрлым теңдестірілген тәртібін бекітті. Жаңа үлгіні іске қосу үшін мемлекеттің Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар сияқты шешуші институттарын қоса алғанда бүкіл саяси жүйені қайта бастау қажет», — дейді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ, бұл ретте сарапшылар мен саясат маңы орталарында алдағы электоралды науқан туралы пікірталас көптен бері өрбіп келе жатқанына назар аударады. Сарапшылардың бірқатары мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігі туралы көктемде айтқанына тоқталады.
«Қазіргі сайлаудың ерекшелігі – алдағы сайлау науқаны кестесінің алдын ала жария етілуінде болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы туралы тиісті жарлыққа қол қойғаннан бір ай бұрын құлаққағыс етті. Ал бұған дейін мерзімінен бұрын өткен сайлаулардың барлығы олардың күні көрсетілген жарлыққа қол қойылған күні мәлім болып келген еді. Бұл уақыт алдағы науқанның қоғамда кеңінен талқылануына ғана емес, әлеуетті қатысушыларды алдын ала дайындауға да жеткілікті болды. Заң бойынша сайлау күні белгіленгеннен кейін екі ай ішінде өтеді, бірақ іс жүзінде науқан үш айға созылады.
Қоғамның бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, елдің кез келген ішкі және сыртқы мәселелерге дұрыс жауап бере алу қабілеті тек қана теңдестірілген және тұрақты саяси жүйе жағдайында ғана қамтамасыз етіледі. Сондықтан, геостратегиялық турбуленттік ушыға түскен кезде алдағы Президент сайлауы біздің елімізді кең көлемді әлеуметтік-экономикалық реформалар дың жаңа кезеңі қарсаңында біріктіретін ең маңызды факторға айналуы тиіс», — дейді Ерлан Қарин.