Полиция қызметі Конституцияға негізделеді

Мемлекеттіміздің құқықтық жүйесінде Конституцияның алатын орны ерекше. Өйткені ол құқықтық мемлекет үшін қажетті басты белгілерінің бірі болып қана қоймай, елімізде заңдылықтың, құқықтық тәртіптің және осыны ұстанатын билік арқылы қоғамда тұрақтылықтың орнауының кепілі мен басты шарты болып табылады. Өзге дәстүрлі құқықтық актілерден оның өз алдына дербес орны бар дейтініміз де сондықтан. Бұл Конституцияның нормативтік құқықтық акт ретінде айғақтайтын негізгі сипаты. Басқаша айтқанда, Конституция – халықтың өзі немесе халықтың атынан қабылданатын акт екендігі. Конституция қоғам өмірінің барлық саласын – саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни және өзге де салаларды қамтиды. 1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының құрылымына барынша қысқаша түрде тоқталып өтсек дейміз.

Ол преамбуладан (Кіріспе) және 9 бөлімнен тұрады. Преамбулада жаңа қоғам құрудың міндеттері, басты құндылықтары, Конституцияның ерекше субъектісі – Қазақстанның халқы екендігі айқындалады.

«Жалпы ережелер» аталатын бірінші бөлім мемлекеттік құрылым-ның негіздерін анықтайтын ҚР қызметі қағидаларына арналған. Ең алды-мен, Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытып, ең басты құндылық ретінде адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белігейді.

2-бөлім «Адам және азамат» деп аталады. Бұл бөлімде тұлғаның, сонымен қатар азаматтықтың құқықтық мәртебесінің негіздері сөз болады.

3-бөлімде ҚР Конституциясының Президент мәртебесінің негізгі сипаттамасы берілген: ол мемлекеттің басшысы және ең жоғарғы мемлекеттік лауазымды адам, халық бірлігінің нышаны мен кепілі болып есептеледі.

4- бөлім заңшығарушы қызметін жүзеге асыратын өкілді орган ретінде саналатын Парламенттің құқықтық мәртебесіне арналған.

5-бөлімде Үкімет пен Премьер-Министрдің құзыреттіліктері бекітілген. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарушы органдары жүйесін Үкімет басқарады.

6-бөлім Конституциялық Кеңестің құқықтық ережелерін айқындайды. Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді және Республикадағы конституциялық бақылаудың жоғарғы органы болып есептеледі.

7-бөлімде Қазақстан Республикасындағы сот жүйесін ұйымдастыру туралы нормалар, сонымен қатар прокуратура қызметін реттейтін нормалар көзделген.

8-бөлім жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына арналған.

9-бөлімде Қортынды және өтпелі ережелер орын алған. Бұл ережелер жекелеген конституциялық ұстанымдарды жүзеге асыру процедураларын қамтамасыз етеді.

Бұндай ерекше заңдық ерекшеліктер Конституцияның үстемдігін көрсетеді. Оның үстемдігі оның қағидаларынан, нормаларынан, енгізілген тұжырымдардан көрінеді. Ал бұл барлық мемлекеттік, қоғамдық құрылымдар, өмірдің барлық саласындағы азаматтардың қызметі осы арқылы құрылуы тиіс дегенді білдіреді.

Бір сөзбен айтқанда, Конституция барлық қоғамдық дамудың доминанты болып саналады. Осының айғағындай, басты заңымыздың 4-бабында: «…Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады…» делінген. Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасында қабылданатын заңдар мен өзге нормативті құқықтық актілердің Қазақстан Конституциясына қайшы келмеуі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері Қазақстан Республикасының Конституциясын сақтауы міндетті екенін білдіреді.

Қоғамда Конституцияның тұрақтылығы деген ұғым бар. Бұл ұғымға Конституцияның талаптарын қатаң сақталуы кіреді, оны түрлі нысандар арқылы мемлекеттік билік органдарының барлық жүйесі жүзеге асырады.

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу республикалық референдумда не Конституцияда және заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес, Парламент жүзеге асырылады. Алайда конституциялық ережелердің жоғары деңгейдегі тұрақтылығы заңшығарушының алдында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қозғау құқығы Қазақстан Республикасы Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне тиесілі туралы ережелерді қамтамасыз етуге жол беріледі. Іске асыруды заң жобасын республикалық референдумға шығару немесе Парламенттің қарауына беру жолымен Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады.

Бізге керегі адам десек, адам мен азаматтың құқықтық мәртебесі негіздерін бекітетін институт нормалары конституциялық тұрғыда Конституциясымыздың «Адам және азамат» атты бөлігінде көрініс тапқан. Аталған бөлім нормаларында Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымы негіздерінің бірі нақтыланған. Оған дәлел Конституцияның 1-бабында көзделгендей адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғарғы құндылық есептелетіндігі. Ендеше адам құқықтары мен бостандықтарын ең басты құндылық деп есептеп, оларды өзінің ең басты арқау-объектісі деп қарастырып, соған сай оларды жеке-жеке тіркеуге алып, атын атап, түсін түстеп, көлемі мен мөлшерін анықтап жүйелеудің іргесі, әлбетте, осы басты құжатта айғақталған.

Полиция да адам құқықтары мен бостандықтарын басты орынға қояды. Ішкі істер органдары әу баста-ақ халық үшін құрылған. Соның нақты айғағы мынау: Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23-сәуірдегі №199-V заңының 4-бабында белгіленген Ішкі істер органдары міндетінің бірінде «Қазақстан халқына қызмет етуге тиісті» деп айқын жазылған. Ішкі істер органдарының басқаша ойлайтын қызметкері погон тағып жүруге еш құқығы жоқ. Бұл біз үшін ұлы арман, ізгі тілек қана емес, бұл ішкі істер органдары қызметіне қажетті объективті қажеттілік. Қазiргi полицей басқалардың қайғысын өзінің қайғысындай қабылдайтын адамгершілігі жоғары, жүрегі таза, иманды азамат болуы шарт. Полиция қызметткерлерінiң бойында ерекше батылдық, антына адалдық, парызға беріктік – негізгі үлгі, қызметтік бағдар саналуы керек. Осы ізгі бастаулар ең алдымен еліміздің Басты заңында – Конституциямызда көрініс табады. Сондықтан Қарағанды-Сұрыптау станциясының желелік полиция бөлімінің қызметкерлерінің бүкіл қызметі Конституцияны баянды етуге негізделген. Келе жатқан Конституция күні баршаңызға құтты болсын.

Бауыржан Амангелдин,

Қарағанды-Сұрыптау станциясының ЖПБ бастығы,

полиция подполковнигі