Полицейлердің жаңа буынының өкілі
Соңғы кезде отандық БАҚ кеңістігінде үнемі полицейлер ғайбатталуда. Халық алдында үлкен резонанс тудырған қылмыстарды бір тәулік ішінде ашып, қылмыскерді құрықтап өзінің кәсіби болмысын, іскерлігін көрсетсе де, жағдай осылай болып отыр. Полицейге деген көпшіліктің пікірі ала-құла. Әділдікке жүгінсек, ат үстінде билік айтқандарды тәубесіне келтіріп жатқан кім – полицей, мылтықсыз майданда қиынның қиығына ілінетін кім – полицей, қылмыскердің құрығынан құтқаратын кім – полицей, көпке ұрлық, азға зорлық қылдырмайтын кім – тағы да сол полицей.
«Адамнан би қойып едің – адамдығын сақтаса игі» деген қазақы болмыстық сөз бар. Бүгінгі қоғамның талабы да мықты болғаннан солай болып отыр. Әйтсе де күнделікті қызметінде өткірдің жүзімен жүретіндерге бір жылы сөз айту керек шығар. Қоғам үшін қандай полицей керек? Көпті көріп, көнек тоздырған адам ретінде бір полицей жөнінде өз ойымды көпшілікпен бөліссем деймін. Ол қатардағы құрамнан. Есімі – Айдын. Сойы – Құнанбаев. Қарағанды қаласында 1990 жылы дүниеге келген. Тәуелсіздік құрдасы. Полиция старшинасы. Отан алдындағы әскери борышын өтей салысымен ол Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Желілік полиция бөлімінде қызмет атқарып келеді. Сондағы ең күрделі де қиын қызмет – кезекші бөлімде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жұрттың шағымдары мен өтініштерін алдымен сол кезекші бөлім қызметкерлері қабылдайды. Жедел уәкіл, тергеушілер, әкімшілік полиция бөліміндегілерге жасалған құқықбұзушылықтарды алдымен жеткізетін де – солар.
Бүгінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда заң қызметкерінің жаңа буыны қалыптасуда. Полиция қызметкерінің қоғамдағы жат әрекеттерден биік, заңдық ұстанымы берік, мәдениетінің жоғарылығымен өзгеге өнеге көрсеткенін, сөйтіп кәсібиліктің эталонына айналғанын қалаймыз. Жалпы, құқықтық және демократиялық қоғамдағы заңды қорғаушы құрылым моральдық һәм ұстанымдық жағынан басқадан оқ бойы озық тұруы тиіс. Яғни ол әлеуметтік мәселелер мен кемшіліктердің шырмауында қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік зұлымдыққа қарсы тұрып, өзіне сенім артқан қауымға қорған болуы шарт. Полиция старшинасы Айдын Құнанбаев – осы талаптардың бәріне жауап берердей өз ісінің шебері болуға дайын тұлға. Оны әріптестері жас болса да үлгі тұтуға бейім.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сонау орта ғасырларда айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ, қайта өзекті бола түскендей. Полицияның қоғамда, үйде, білім беру мекемелерінде тәрбиемен қашалатын адамгершілік бейнесі орнықты, рухы мықты болмаса, ол қоғамға қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қарсы тұруға қауқарсыз. Айдынның да алдына қойған үлкен мақсаты бар. Ол – жоғары білім алып, кәсіби қызметкер бола түсіп, халықтың тыныштығын күзету. Еңбегін қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жұмсау.
Жан-жақты дамыған, білімді, білікті, адамгершілікті ту ететін полицейлер қоғамға қажет-ақ. Айдын секілді полицейлерді қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дамыған елдерде полиция қызметі аса мәртебелі мамандық саналады. Қоғам оны әлеуметтік қызметтің өте күрделі түрі әрі ең алдыңғы қатары деп біледі. Біз де солай түсінеміз. Айдынға алдағы өмірі мен қызметінде барынша сәттілік тілейміз.
Елеужан СЕРІМОВ,
Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ ІжСКБ-ның жетекші маманы