Полицейлер мемлекеттік наградаға ие болды
Шахтинск қаласында болған газ жарылысы кезінде тұрғындарды құтқару барысында ерлік көрсеткен бес полиция қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болды. Оларға Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды.
Оқиға кезінде полиция қызметкерлері көпқабатты үйден тұрғындарды жедел эвакуациялап, адамдардың қауіпсіз аймаққа шығарылуын қамтамасыз еткен. Құтқару жұмыстары барысында олар өздері де жарақат алған.
Бүгінде марапат иелері қалалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайын білу үшін Қарағанды облысына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Кадр саясаты департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков арнайы келді.
Кездесу барысында ол қызметкерлердің әрекетін жоғары бағалап, олардың ісі шынайы ерлік пен антқа адалдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл – жай ғана қызметтік міндет емес, адам өмірін арашалап қалуға бағытталған нағыз ерлік. Полицейлер өз өмірін қатерге тігіп, тұрғындарды құтқарды, – деді ІІМ өкілі.
«Ерлігі үшін» медалімен Руслан Тазиев, Асхат Бердібеков, Нұргелді Құлжабеков, Ерназ Үскенбай және Дулат Ситахметов марапатталды.
Еске салайық, 23 наурыз күні Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан болатын. Оқиға орнына бірінші болып жеткен полицейлер тұрғындарды эвакуациялап, қауіптің алдын алуға тырысқан. Сол сәтте олар ауыр жарақат алған.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция қызметкерлерінің ерлігі көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.

